Қазақстанның бюджет есебі негізінен мұнайдан түскен табыс есебінен қалыптасып отыр. Дүниежүзілік банк сарапшыларының пайымдауынша, мемлекет бұдан әрі қарай инклюзивті және орнықты өсімді қолдағысы келсе, онда мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін жақсартуға тиіс. Жақында жарияланған шолуда соңғы жылдары ел үкіметінің фискалды саясатты біршама жетілдіргені және мемлекеттік қарыз деңгейі төмендегені айтылады. Дегенмен ұйым сарапшылары салық-бюджет саясатының жалпы бағамында айқындықтың болмауы, квази-фискалдық қызметтен бюджет үшін тәуекелдер мониторингіндегі кемшіліктер, кірістер жинағының төмен өнімділігі, салық саясатындағы төмен прогрессивтілік, негізгі салалардағы шығыстардың айтарлықтай тиімсіздігі салдарынан елдің мемлекеттік қаржысының тиімділігінің жеткіліксіздігі туралы қорытындыға келеді.
«Күрделі өсім перспективасын ескеретін болсақ, Қазақстан үшін мемлекеттік қаржы саясатын жетілдіру дәл бұлай өзекті болып көрген емес. Пандемияның аяқталғанына қарамастан, сыртқы жағдайлар қиын болып қала береді. Жаһандық экономикалық өсімнің белгісіздігі, тауар ресурстары бағасының орнықсыздығы және геосаяси қақтығыстар салдарынан тәуекелдер туындап жатыр. 2022 жылы Қазақстан үкіметі шығыстарды бақылау, кірістерді ұлғайту, мемлекеттік қарызды шектеу және бюджеттік есептіліктің ашықтығын арттыру арқылы фискалдық кеңістікті сақтау мақсатында 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржы тұжырымдамасын қабылдады. Тұжырымдама 2019-2021 жылдар аралығында ЖІӨ-нің 9,9% деңгейінде сақталып келген шикізаттық емес тапшылықты 5%-ға дейін төмендетуге бағытталған. Сондай-ақ онда 2030 жылға дейін мемлекеттік қарыз бен квазимемлекеттік сектор қарызының ЖІӨ-нің 53,2 пайызынан аспау қажеттігі көрсетілген», делінеді зерттеуде.
Сарапшылардың айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін фискалды саясатты күшейте түсу керек. Олар баға шогының өсімге теріс әсерін болдырмау үшін фискалды іс-шараларды күшейту бойынша Қазақстанда жеткілікті бюджет резерві бар екенін айтады.
«Қазақстан күрделі сыртқы ортада неғұрлым экологиялық және инклюзивті өсуге ұмтылады. Жаһандық пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне, мұнай бағасының жоғары ауытқуына, жеткізу тізбегінің үзілуіне және азық-түлік бағасының өсуіне байланысты ел үлкен сыртқы құбылмалылықты бастан кешіруде. Соңғы 20 жылда Қазақстанның шикізаттық емес кірістері ЖІӨ-ге пайыздық қатынаста өзгеріссіз қалды. Бұл мұнай кірістеріне фискалдық тәуелділікке және квазифискалдық шығыстарды пайдаланудың артуына әкеліп соқты. Мұндай ұстаным макрофискалдық саясатты басқаруды қиындатады. Қазақстан қосарлы міндетке тап болып отыр: Үкіметке ел экономикасын декарбонизациялауды ғана емес, мұны бағасы құбылмалы болып тұрған мұнайдан түсетін табыстарға сүйене отырып, тәуекелдердің артуы жағдайында істеуі керек. Ал басқа елдер болса қазба отынына тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр»,– дейді сарапшылар.
Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михневтің айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылық пен өнімділікті арттыру үшін бюджет ережелерін, сондай-ақ квази-фискалдық шығындарды бақылауды оңтайландыру және күшейту қажет.
«Бюджеттеу, нәтижелерді жоспарлау және мониторингілеу процесін жетілдіру мемлекеттік қаражаттың Қазақстан халқының игілігі үшін жұмсауға көмектеседі», – дейді. Зерттеу авторлары елдің бюджет саясаты ұзақ мерзімді дамуды, соның ішінде жасыл экономикаға көшетін және білім берудің мемлекеттік шығындарын ескеруі керек деп есептейді. Олардың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді ұсынудағы тиімділікті арттыру мемлекеттік шығындар түйткілін шешуге көмектеседі.
«Қазақстан үшін неғұрлым прогрессивті мемлекеттік кіріс саясатын қарастырған жөн болар еді. Салық жеңілдіктерін қысқарту, әртүрлі салық режимдерін оңтайландыру және табыс салығының прогрессивті схемасын біртіндеп енгізу кірістерді жинауды жақсартуға және бюджеттік саясатты әлеуметтік осал топ пен климаттық күн тәртібіне бағыттауға көмектеседі»,– дейді Дүниежүзілік банктің бас экономисі Самсу Рахарджа.
Зерттеуде атап өтілгендей, Қазақстанның білім беру жүйесін ұзақ мерзімді жеткіліксіз қаржыландыру студенттердің шағын сегментінің оқу үлгерімін жақсартуға ресурстарды бөлу саясатымен ұштастыра отырып, студенттердің негізгі бөлігін дағдылар мен білім алуда артта қалдырды.
Сондай-ақ реформалардың төрт бағыты ұсынылып, Қазақстан реформаның келесі бағыттарын тереңдету мен жүзеге асыруды қарастыруы керек дейді.
Олар:
Біріншісі:
- Фискалдық ережелерді жеңілдету арқылы макроэкономикалық тұрақтылықты және экономиканың күйзелістерге төзімділігін сақтау;
- Фискалдық тәуекелдер мониторингінің институционалдық негіздерін нығайту;
- Мемлекеттік қарызды басқаруды күшейту;
- Квазифискалдық қызмет нәтижесінде экономикалық дамудағы ауытқуларды азайту.
Екіншісі:
- Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру және халықты әлеуметтік қорғаудың мақсаттылығын арттыру арқылы мемлекеттік шығыстардың инклюзивтілігі мен тиімділігін арттыру.
Үшіншісі:
- Көптеген салықтық жеңілдіктерді талдау арқылы шығыстардың қажеттіліктерін қолдау үшін кіріс базасын нығайту;
- Тиімділікті, әділеттілікті және жасыл экономикаға көшуді қолдау үшін салық саясатын жеңілдету.
Төртіншісі:
- Бюджеттеу мен жоспарлау арасындағы байланысты нығайту арқылы мемлекеттік қаржыны басқаруды жетілдіру;
- Өнімділіктің мониторингі мен бағалау жүйесін және оның институционалдық негізін нығайту;
- Үкіметаралық трансферттерді жетілдіру;
- Саясат циклінің барлық кезеңдерінде гендерлік өлшем мен жасыл бюджеттеуді біріктіру.
«Қазақстан 2018 жылды қоспағанда, салық түсімдерінің ахуалы жақсарғаннан кейін бюджеттік шоғырландыруды қамтамасыз ету үшін аз жұмыс істеді. Бюджет шығыстарының өсуге әсері уақыт өте келе күшейе түсетіндіктен, бюджет негізінде экономиканың қызып кетуіне және макроэкономикалық тұрақтылықтың әлсіреуіне әкелуі мүмкін бюджеттің босаңсыған күйінің сақталуына жол бермеу қажет. Себебі, бюджеттік шығындар өсімге оң әсер етеді және бұл уақыт өте келе ұлғаюы мүмкін. Нақты мемлекеттік шығыстардың 1,0%-ға артуы шикізаттық емес ЖІӨ-ні бір жылда 0,7%-ға және екі жылда 0,9%-ға ұлғайтады деп күтілуде. Бірақ болжанатын мультипликаторлардың жоғары сенім интервалы фискалдық шығыстардың шикізаттық емес ЖІӨ-ге әсері жоғары немесе төмен болуы мүмкін екенін көрсетеді. Қазақстан мұнай бағасының жоғары болған кезеңдерінде бюджеттік резервтерді қалыптастыратын және шығыстардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін фискалдық саясат шараларын қарастыруы мүмкін», – деп сенім арта сөйлейді халықаралық сарапшылар.
Олардың пайымдауынша, Қазақстан құрғақшылық, су тасқыны, климаттың өзгеруі салдарынан ЖІӨ-нің 1,2 пайызын жоғалтады. Бұл жоғалту климат өзгерісінің қалыпты сценарийі жағдайында 2,2 пайызға дейін жетеді.
«Квазифискалдық қызметті және олардың бюджетке келтіретін тәуекелдерін жүйелі түрде бақылау үшін одан әрі әрекет ету қажет. Үкімет шоғырландырылған мемлекеттік бюджетте БЖЗҚ, Проблемалық кредиттер қоры жүзеге асыратын квазифискалдық қызметті есепке алуға көмектесетін мемлекеттік қаржы статистикасы жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес бюджеттен тыс қорларды анықтауы керек. Үкімет сондай-ақ бюджеттен тыс қорлар мен квазимемлекеттік сектор жүзеге асыратын квазифискалдық қызметтен туындайтын шартты міндеттемелердің тәуекелдері туралы ақпарат беруді қарастыруы керек»,– дейді.
Сонымен қатар Дүниежүзілік банк салық төлеушілердің құқығынсыз мемлекет қаржысын банктерге қаржылық көмек ретінде беруді әділетсіз деп бағалап, бұл іс-шараны шектеу керек деп санайды. Есептеуінше, 2009-2020 жылдар аралығында банктерге көрсетілген қаржылық көмек салық төлеушілердің 8,2 трлн теңгесін алды. Бұл 2020 жылғы ЖІӨ-нің 11,6 пайызға жуығы. Сонымен қатар сарапшылар соңғы 15 жылда (2005-2021) ЖІӨ үлесі ретінде Қазақстанның салық түсімдері төмендеп кеткенін де жазады.
«Түсімдердің төмендеуі бюджет кеңістігін тарылтады және осылайша тұрақты өсуге, инклюзивтілікке және прогрессивтілікке жұмсалуы тиіс мемлекеттік шығындарды ұлғайту мүмкіндігін шектейді. Бастапқыда, 2005-2008 жылдар аралығында ЖІӨ-нің шамамен 27% деңгейінде тұрақтылықты сақтай отырып, салық түсімдері 2020 жылы ЖІӨ-нің 14,2% на дейін айтарлықтай төмендеді», делінеді зерттеуде.