Сот «Chia Tai Pharmaceutica» қаржы пирамидасының басшысына қатысты үкім шығарды
«Chia Tai Pharmaceutical» басшысы қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құрды деп айыпталды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Сот нені анықтады
«Сотталушы 2022 жылдың қыркүйегінде «Chia Tai Pharmaceutical» (немесе «Chia Tai Tianqing») қаржы пирамидасына қосылып, оның Астанадағы құрылымдық бөлімшесінің басшысы болды. Одан әрі шетелге дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіру және экспорттаумен айналысатын фармацевтикалық зауыттың қызметіне заңды түрде инвестиция тарту, қосымша зауыттар салу және тағамдық қоспаларды жақсарту деген желеумен аса ірі мөлшерде инвесторлардың қаражатын заңсыз тартқан», делінген хабарламада.
Астана қалалық сотының мәліметінше, қаржы пирамидасының жұмыс істеуі өз қаражатын кейінірек инвестициялаған салымшылардың ақшасын, ертерек салған салымшылардың пайдасына қайта бөлу арқылы қамтамасыз еткен.
«Chia Tai Pharmaceutica» басшысына ҚР аумағында қаржылық пирамиданы жүзеге асыру және тарату мақсатында Telegram мессенджерінде чат құрып, ол арқылы инвесторларға пайдалы ақшалай салымдар түріндегі ақпаратты орналастырған.
Оның қызметінің нәтижесінде 77 жәбірленушіге жалпы сомасы 115 миллион теңгеден астам сомаға материалдық шығын келтірілген.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Шешім:
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балалардың болуын және соттылығының болмауын таныды.
Сот үкімімен «Chia Tai Pharmaceutica» басшысы ҚК-нің 217-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге азаматтардың ақшалай қаражатын және инвестицияларды тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.