Жаңалықтар

Әшімов «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының» басқарма құрамынан шықты

Фото: shutterstock.com

«Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма құрамы өзгерді.Басқарма құрамынан Азат Әшімов шығарылып, Рүстем Жанатаев пен Сағат Төлеу Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі болып сайланды. Азат Әшімов бұған дейі Басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметін атқарған.

Бұл туралы корпорацияның KASE-ге жіберген хабарламасында жазылған.

Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 04 желтоқсанындағы шешімімен енгізілген өзгеріске сәйкес, компания басқармасы алты адамнан тұрады: Асылхан Джувашев, Дархан Даутов, Самат Теньбаев, Назгүл Қарнақова, Рүстем Жанатаев, Сағат Төлеу.

«Азық – түлік келісім-шарт корпорациясы» – Қазақстанның астық саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын ұлттық компания. Ол астық және оны қайта өндіру өнімдерін мемлекеттік қорларына сатып алу, қалыптастыру, есепке алу, сақтауын ұйымдастыру, жаңарту, тасымалдау, сатуды қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген өзге де қызметтерді атқарумен айналысады.

«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ЖАҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 24 ақпандағы қаулысы негізінде, жарғылық капиталына Үкіметтің 100% қатысуымен құрылған.

2004 жылғы 17 маусымда Қоғам «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ болып қайта тіркеледі. 2007 жылдың 5 шілдесінде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ Ұлттық компания мәртебесіне ие болды.

2007 жылғы 17 сәуірде Қоғамның 100% қатысу құқығы «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-на берілді. «ҚазАгроның» жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі.

2020 жылғы 4 маусымда Үкіметтің 2020 жылғы 27 мамырдағы № 326 қаулысына сәйкес, қоғамдағы 100% акциясы республикалық меншікке өтеусіз қайтарылды. Қазіргі кезде қоғамның жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Азық-түлік келісім шарт корпорациясы жақында Қытайға 200 мың тонна астық жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойды.