Алматы қаласының прокуратурасы «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» акционерлік қоғамын тексеріп, ұлттық кино саласын қолдауға арналған 400 млн теңге ұрланғанын анықтаған.
Прокуратура хабарлауынша, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әзірге ұрланған қаржының қай фильмге бөлінгені туралы ақпарат жоқ.
Айта кетейік, 2023 жылдың 28 шілдесінде «Қазақфильм» АҚ президенті лауазымына актер Азамат Сатыбалды келген. Оған дейін 10 ай бойы киностудия президентсіз қалған. Себебі 2022 жылдың қыркүйегінде режиссер Ақан Сатаевтың қызметтен кеткені белгілі болған.
2018 жылы «Қасым хан» фильмін түсіру кезінде бюджеттен 30 млн теңге ұрланған. Алайда бұл туралы факт 2021 жылы «Қазақфильмді» Ақан Сатаев басқарып тұрған кезде белгілі болған. Бастапқыда түрік режиссері Метин Гюнай түсіруі керек болған «Қасым хан» фильмінің аты ауысып, «Ұлы дала таңы» фильмін Ақан Сатаев түсірген. Фильмнің продюссері ретінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева көрсетілген. Назарбаевамен Сатаев осыған дейін 2019 жылы «Томирис», 2016 жылы «Анаға апарар жол» фильмдерінің тұсауын бірге кескен. «Анаға апарар жол» фильмі үшін Әлия Назарбаева мен Ақан Сатаев 2018 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Мемлекеттік сыйлық алған.
«Қазақфильм» акционерлік қоғам ретінде Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» заңының 15-бабына сәйкес, әр жылдың 30 сәуіріне дейін қаржылық есеп тапсырып отыруы керек.