Ұлттық экономика министрлігі Үкіметтің қаулысына өзгеріс енгізіп, бөлшек сауданың арнайы салық режимін қолдануға құқылы қызмет түрлерінің тізімін екі есе кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Жобаны қабылдау бөлшек сауданың арнайы салық режимін қамту аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық жүктемесінің төмендеуін қамтамасыз етеді», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған түсіндірме құжатта.
Қазір бұл тізімде 190 қызмет түрі бар. Министрлік мұны 380 позицияға кеңейтпек.
Қазақстанда бөлшек салықтың арнайы салық режимі 2023 жылғы 1 қаңтарда енгізілген. Яғни жылдық табысы 2,1 млрд теңгеден және жұмысшылар саны 200 адамнан аспайтын кәсіпкерлер арнайы салық режиміне қосылып, бөлшек сауда ставкасын төмендете алады. 2023 жылдан бастап кәсіпкерлер жеке тұлғаға сату немесе қызмет көрсету кезінде 4% орнына 2% салық төлейтін болады.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында фискалдық органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара байланысты сервистік модельге көшіруді тапсырған.
«Салықтық бақылауды толық цифрландыру және салықтық есептілік нысандарын 30% қысқарту қажет. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жалпы санын кем дегенде 20% азайту қажет. Бөлшек салықты енгізу жөніндегі бастама оң нәтиже берді. Үкімет қамту аясын кеңейту керек», – деген еді президент.
Жекелеген салық түрлері мен бюджетке төленетін міндетті төлемдердің кейбірі басқаша есептелетін арнаулы салық режимі қосылған. Осыған дейін салық режимі туралы толығырақ түсіндіріп жазған едік.