Тимур Турлов Qalam жобасы аясында «Жеті ата» ұлттық байқауы ұйымдастырылатынын жариялады
Астанада Qalam мультимедиялық жобасының тұсауы кесілді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін Qalam халықаралық сайты ағартушылық бағытқа басымдық береді.
Мультимедиялық жобаның материалдарын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Мексика, Франция, Қытай АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Ресей және басқа да мемлекеттердің айтулы ғалымдары мен тарихшылары әзірлейді. Әр мақала Qalam үшін арнайы жазылады және бірегей саналады.
Авторлардың қатарында Питер Голден, Султан Акимбеков, Зира Наурызбай, Рустам Шукуров, Лев Лурье, Джо Юп Ли сынды шығыстанушылар мен түркологтар бар.
Qalam-ның елордадағы таныстырылымына үкімет мүшелері, сенат депутаттары, елшіліктер мен консулдықтардың, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, отандық медиа-нарықтың басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, экономика профессоры, қазіргі заманғы микрокредиттеу жүйесінің авторы Мұхамед Юнус болды.
«Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жылдан астам ғана уақыт өтсе де, бұл жердің сан ғасырлық тарихы мен мәдениеті бар. Бұл жерде әлемге ықпал еткен оқиғалар болған. Qalam жобасы арқылы осыны миллиондаған оқырманға жеткізгіміз келеді. Біз тарихқа Еуразияның орталығынан қарағымыз келеді», – деді таныстырылымда Qalam жобасының негізін қалаушы, Freedom Holding Corp компаниясының иесі, IT-стартаптардың ірі инвесторы, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турлов.
Ол Qalam жобасы аясында «Жеті ата» байқауы ұйымдастырылатынын жариялады.
«Біз Qalam жобасы арқылы ұлттық байқау жариялап, жеті атаны дәріптеуге үлес қосқымыз келеді», – деді Qalam жобасының негізін қалаушы.
Өз кезегінде Мұхамед Юнус қатысушыларға дәріс оқыды. Бангладештік банкирдің баяндауынша, кедейшілікпен күрес өзекті мәселе.
«Кедейшілік адамды құрдымға жібереді. Білім алуға, денсаулығына қарауға мүмкіндік бермейді. Ұрпақтың ауру, бәсекеге қабілетсіз болуына негіз болады. Адамдар кедей емес, бай болуға тырысуы керек. Бұл үшін еңбек ету қажет. Бұл ретте қозғаушы күш қол еңбегі емес, ой еңбегі екенін есте сақтау қажет. Қара жұмыспен екінің бірі айналысады, ақыл мен ойдың жұмысы таңдаулылар мен санаулыларға ғана бұйырады. Санаулылар мен таңдаулылардың тобында болуға ұмтылыңыз», – деді Нобель сыйлығының лауреаты.
Айта кетейік, Qalam-ның бас редакторы тарихшы, PhD доктор Жар Зардыхан. Редакция алқасын саясаттанушы Әділ Қожықов басқарады. Жобада тарихшы Николай Усков кеңесші қызметін атқарады.
«Qalam – кәдімгі жазуға арналған таяқша. Бұл сөз көп тілде түсінікті. Адамзаттың өмір сүріп келе жатқанына жүздеген мыңжылдық болды, алайда өркениет әлдекім алғашқы әріпті таяқпен жаза бастаған сәтте пайда болды. Бұл шамамен 5 мың жыл бұрын болған және тарихтағы ең үлкен технологиялық революция. Осы революция Азияда болды. Біз әлем тарихын Лондоннан немесе Парижден емес, Азияның жүрегінен көргіміз келеді» – деді Qalam-ның бас редакторы Жар Зардыхан.
Qalam академиялық жазу стилімен ерекшеленеді және көнерген түсініктің шаңын сілкіп, тарихқа деген еуроцентристік көзқарасты қайта қарайды. Мұнда ежелгі заман мен қазіргі заман бірдей дәрежеде зерттеліп, ең өзекті тарихи теориялар ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің өткеніне ерекше назар аударылып, дүниежүзі тарихы зерттеледі.
Qalam-да мәтінмен қатар үш тілде аудиоподкаст және бейнеролик жарияланады. Балалар үшін арнайы жобалар жүзеге асырылады. Qalam ұсынған алаңда әлемге әйгілі ғалымдармен, ойшылдармен тұрақты түрде түрлі кездесулер ұйымдастырылады. Болашақта мұнда оқушылар мен мұғалімдерге арналған бөлім ашылады. Жоба аясында өңірлерде тарихқа қатысты дәріс өткізу жоспарланған.
Qalam-нан Қазақстан тарихы мен дүниежүзі тарихына қатысты дәрістер топтамасын, сонымен қатар мәдениет, экономика және әр дәуірдегі әлеуметтік өмірге қатысты ғылыми-көпшілік материалдарды оқуға болады.
Айта кетейік, 12 қыркүйекте Ташкентте өткен Kursiv Club-тың бірінші отырысында жобаның кеңесшісі, журналист, тарихшы-медиевист, тарих ғылымдарының кандидаты Николай Усков Autograph арт-галереясында Qalam жобасын таныстырды.