Жаңалықтар

Жемқорлардан жиналған қаржыға 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды – Үкімет

жемқорлардан

Жемқорлардан жиналған қаражатқа 6 мектеп салынады / Фото: kursiv.media

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап жемқорлардан арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскен. Бұл жайлы Үкіметтің үйінің парақшасында жазылған.

«Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды»,- делінген хабарламада.

Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілген.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталған. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы арқылы 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады.

Сонымен бірге 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар.

Үкімет үйінің хабарлауынша, мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген.

Еске сала кетсек, жемқорлардан түсетін қаражатты жинау үшін арнайы қор құрылған. Қордың негізгі қызметі мектептерді, қосалқы ғимараттарды және интернаттарды салу және қайта жаңғыртуға ьбағытталған. Солайша үш ауысымдық мектептер мен апатты оқу орындарының мәселелерін шешілмек. Сонымен бірге жалпы білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын жою көзделген.

Жемқорлардан тәркілеткен қаржыға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысында 62 мектеп салынатыны хабарланды. Сондай-ақ тізімде Астана қаласы да бар. Оның ішінде Алматы облысында – 10, Жамбыл облысында – 6, Түркістан облысында – 9, Астанада 10 мектеп салынады.

Осыған дейін Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мектеп құрылысына жемқорлардан жиналған қаражат бөліне бастағанын айтқан болатын.

Республикалық бюджет комиссиясында 62 мектептің құрылысына 90 млрд теңгеге жуық қаражат белгіленді. Бұл былтырдан бері жиналған қаржы. Оқу-ағарту министрлігі ереже қабылдады. Сол ережеге сәйкес, біз қаражат бөлуді бастадық. Елімізде салынатын барлық мектептің саны – 62. Құрылыс қарқынына байланысты қалған қаражатты бөлуді жалғастырамыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.