Жезқазғанда бірден 3 жылыту қазандығы істен шықты
Жезқазғанда бірден 3 жылыту қазандығы істен шықты. ЖЭО-да 2 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу желілерінде нормадан 10 градус кем температураны көрсетіп тұр.
Не болды. Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қаладағы ЖЭО қазандықтардың апаттық тоқтап қалуына қатысты түсініктеме берді.
«Қазіргі уақытта ЖЭО-да 2 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу желілерінде нормадан 10 градус кем температура байқалады, яғни қалыпты 73 градустың орнына, бізде 63 градус. Кеше кешке №4 қазандықта жарықша пайда болды. Ақау анықталғаннан кейін қазандық өшіріліп, жөндеуге кірісті. Қазандық бүгін сағат 20:00-ге дейін қайта іске қосылатын болады», – деді Шайжанов қала әкімдігінің Instagram-дағы парақшасында.
Ол сондай-ақ 19 желтоқсанда сағат 07:15-те № 5 қазандықта тағы бір жарықша анықталғанын айтты. Жөндеу жұмыстары 20 желтоқсанда таңертең аяқталады деп күтілуде.
«Бүгін сағат 7:15-те №5 қазандықта тағы бір жарықша анықталды. Бұл жөндеу жұмыстары таңертең аяқталады деп күтілуде. №6 қазандық бүгін сағат 10:15-те істен шықты. Түтін сорғыш қозғалтқышы істен шыққан. Аталмыш қазандық бүгін түн ортасына дейін қалыпқа келтіріледі деп күтілуде», – деді қала әкімі.
ЖЭО кімге тиесілі. Жезқазған ЖЭО «Қазақмыс энергиясы» ЖШС құрамына кіреді. Серіктестік құрамына екі станция — Жезқазған ЖЭО және Балқаш ЖЭО кіреді. Олар «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік объектілерін және Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш қалаларының және басқа да аудандардың тұрғындарын жылумен және электрмен қамтамасыз етеді.