Депутат Парламент жұмысын 100-ден 70 балға бағалады

Жарияланды
Парламент

Жаңбыршин Парламент депутаттарының белсенді екенін айтты / Фото: kursiv.media

Еділ Жаңбыршин Парламенттің жұмысын 100 -ден 70 балға немесе 10-нан 7 бал деп  бағалады.

Журналистер депутаттан Парламенттің жұмысына баға беруді сұрады. Оның айтуынша бұл сайланым депутаттары өте белсенді. 

«Осы шақырылымның депутаттары өте белсенді. Оны өздеріңіз де көріп жатырсыздар. Өткен шақырылымда да белсенді депутаттар болды. Қазір округтен келген депутаттар бар, мықты мамандар бар. Тәуелсіз депутат Ермұрат Бапи ағамыз бар. Сонымен бірге Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан секілді азаматтарымыз бар. Парламенттің жұмысы одан әрі жанданғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мәжіліс қазір  қоғамдағы көптеген өзекті мәселелерді көтеріп жүр. Қандай да бір оқыс оқиғалар болатын болса, соған дереу депутаттық сауалдар жолдап, заңға өзгеріс енгізуге қатысты бастамалар көтеріп жатыр», – деді депутат. 

Журналистер ар жағында жетпей қалған 30 пайызына қандай жұмыстар атқарылмай қалғанын сұрады. 

«Жетпей қалған 30 пайызға не кіретініне тоқталатын болсақ, біз депутаттар әлі де қарқынды жұмыс жасауымыз керек деп ойлаймыз. Кейде заңдарды тез қабылдау керек болып жатады. Мысалы, лудоманияға қатысты. Вейпке байланысты нормалар да тез қабылдана қоймады. Ол жерде сонымен бергі процедуралық процестер де уақыт алып жатады. Біз қорытынды алуға үкіметке жіберіп жатамыз. Тағы бір мәселе, депутаттар өздерінің біліктілігін көтеруі керек. Себебі жас депутаттар мен бұрын депутат болмаған азаматтар бар. Сол отыз пайыздың ішінде осылар бар. Біз әлде де өзімізді шыңдап, біліктілігімізді көтеріп мемлекетке, қоғамға қажетті ең бірінші халыққа қажетті заңдарды қабылдауымыз керек», – деді депутат.   

Еске сала кетсек, маусым айының соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов парламент жұмысына баға берген болатын.

Ерлан Қошанов сессия кезінде маңызды заң жобалары қабылданғанын атап өтті. Мәжіліс төрағасы парламенттің қарауында 82 заң жобасы болғанын, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойғанын айтқан. Сонымен бірге көптеген маңызды заң жобаларының депутаттардың бастамасымен әзірленгенін, депутаттар бастамашы болған заң жобаларына сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, ел президентінің тапсырмалары арқау болған.

Солардың ішінде Елбасы туралы заң бар. Депутаттар бір жыл бұрын аталмыш заңның күшін жоюға дауыс берді.

Ата Заңға енгізілген өзгертулерге сәйкес, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды.

Сондай-ақ оқыңыз