Қарақия ауданының әкімдігі West Oil Software жұмысшылары «ҚазМұнайГаз» өкілдерімен келіссөз жүргізуден бас тартты деп хабарлады. Олар наразылық акциясын заңдастыруды және ҚМГ штатына жұмысқа орналастыруды талап еткен.
Әкімдік не дейді?
19 желтоқсанда Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев West Oil softwarе-нің наразылыққа шыққан қызметкерлері өкілдерімен кездесу өткізген. Төретаев наразылық білдірушілерді жағдайды сындарлы бағытқа ауыстыруға, мәселені келіссөз үстелінде шешуге шақырған.
Ертесі күні таңертең «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ басшысы Мұрат Мұстафаев, West Oil software басшылығы және Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев ереуіл өтіп жатқан жерге келеді.
«Алайда West Oil Software қызметкерлері наразылық акциясын заңдастыруды талап етіп, келіссөзді бастаудан бас тартты», – делінген әкімдік таратқан хабарамада.
«ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов мұнайшыларға ереуіл соттың шешімімен заңсыз деп танылғанын және оны тек жоғары тұрған сот сатысына арыз беру арқылы жоюға болатынын түсіндірген.
«Келісім комиссиясының жұмысы аясында келіссөздер процесін бастауды ұсынамыз. Бұл жағдайды реттеудің заңды тәсілі, оны пайдалану қажет»,– деді Хасанов жиналғандарға.
Мұнайшылар не дейді?
Наразылық акциясына шыққандарына 10 күннен асып кеткен West Oil Software компаниясының қызметкерлерінің басты талабы – аталмыш компанияны ҚазМұнайГаз Ұлттық компаниясының меншігіне қайтару.
Сонымен қатар олар жалақыларын «ҚазМұнайГаз» «ҰК» АҚ-ның Бірыңғай еңбекақы жүйесіме теңестіруді, материалдық-техникалық базаны жаңартуды сұрап отыр.
Ереуілге қатысушылардың сөзінше, 6 күн ішінде 19 жұмысшы жұмыстан қуылған. Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр.
Власть басылымына сұхбат берген ереуілге қатысушы азамат «ҚазМұнайГаз» 2024 жылы 70 техниканы жаңарту міндетін алғанын, ал осы ереуілден кейін оларға 202 техниканы жаңартып беретінін айтқан. Алайда жұмысшылар кәсіпорын ҚМГ меншігіне өтпесе, техника жаңармай қалады деп алаңдауда.
«Кәсіпорынды ұлттық компанияға қайтарсын. Жеке компания тек өз қалтасын ойлайды», – деген ереуілдеушілердің бірі.
2022 жылы қазанда WOS жұмысшылары осы талаптарды тағы көтерген. Бірақ сол кезден бері олардың дауы әлі жалғасып келеді.
2018 жылы Бозащы технологиялық транспорт басқармасы «БозащыТрансҚұрылыс» және West Oil Software компанияарына сенімді басқаруға берілген
«ҚазМұнайГаз» не дейді?
WOS компаниясының ереуілге шыққан мұнайшыларының талабын орындау мүмкін емес деп мәлімдеді.
«WOS қызметкерлерінің айтарлықтай бөлігі бұрын «ҚазМұнайГаз» еншілес қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері болды. 2018 жылы олар «5/50» бағдарламасы арқылы жұмыс берушімен еңбек қатынастарын өз өтініштері бойынша тоқтатқан. Бағдарламада жұмыстан шыққан қызметкердің бес жылдық жалақысының 50 пайызы көлемінде өтемақы қарастырылған. Орташа есеппен бір адамға төленетін төлем мөлшері шамамен 11 миллион теңгені құрады. Осылайша, «ҚазМұнайГаз» еншілес кәсіпорындарының қызметкерлерін қайта жұмысқа алу талаптары негізсіз», – делінген компания таратқан хабарламада.
Сот не дейді?
Мұнайшылардың наразылығын 11 желтоқсанда Маңғыстау облысы Қарақия ауданының соты заңсыз деп таныған.
«WOS-тың бірқатар қызметкерлерінің еңбекақыны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-дағы бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесімен (ЕСОТ) теңестіру, ҚМГ еншілес кәсіпорнының штатына кіру сияқты қосымша талаптары негізсіз», – делінген хабарламада..
Ресми органдар осы ереуілге байланысты «West Oil Software» ЖШС күніне шамамен 23 млн теңге шығынға батып отыр деп мәлімдеді.
Депутат не дейді?
Мұнайлы өңірден депутат болып сайланған Еділ Жаңбыршин Үкімет пен «ҚазмұнайГаз» көп созбай, осы мәселені шешу керек деп тұжырымдайды.
«Осы компанияның жұмысшылары Астанаға келген болатын. Самат Мұсабаев екеуміз кездескенбіз, олармен бірге “ҚазМұнайГаз» компаниясына барғанбыз. Сол жерде ҚМГ-ның осы мәселеге байланысты шара қолдануын сұрағанбыз. Келесі күні Мұсабаев екеумізбен бірге 8 депутат қол қойып, Үкіметке сауал жолдадық. Үкімет пен ҚазМұнайГаз осы мәселені шешуі керек. Өйткені бұл – олардың жұмысы, бұл мәселені өзіміз реттейміз деп уәде берген. Сондықтан бүкіл сұрақты жергілікті билік, ҚМГ, Үкіметке қою керек”, – деді депутат.
Аталмыш компания «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ екі кен орнында тасымалдау қызметін көрсетеді және «Oil Transport Corporation» ЖШС-нің мердігерлік компаниясы саналады.