Кремль Назарбаевтың Путинмен жеке кездескенін растады
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізген. Ақпаратты Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растаған.
ТАСС агенттігі Назарбаевтың жексенбіде Мәскеуде болғанын жазған.
«Иә, оның (Назарбаевтың – ред.) Мәскеуде болғаны рас. Президентпен (Путинмен – ред.) жеке кездесу өткізді», – дейді Песков.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім: Бодандықтан – бостандыққа» кітабын сатылымға шығарған. Кітапта экс-президенттің жеке өмірінен бөлек, Жаңаөзен оқиғасы, «билік транзиті» мен Қанды Қаңтар оқиғасына арналған бөлімдер бар. Orda сайты кітапта Назарбаевтың Қанды Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздікке «радикал оппозицияны», дәлірек айтқанда шетелде қуғында жүрген банкир Мұхтар Әблязовты кінәлайтынын жазған.
4 желтоқсанда осы кітаптың «авторлық нұсқасын» Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинге сыйлағаны туралы ақпарат тараған еді.