Қарыз алушы құқығын қорғау туралы заңды Мәжіліс депутаттары бастама жасап әзірледі. Оған сәйкес, несие өтеу мерзімін кешіктірген борышкерге тұтынушылық несие алуға тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар, қарызын 90 күннен астам уақыт өтей алмаған азаматтардың несиесіне сыйақы есептелмейді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Татьяна Савельева айтты.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезіндегі сын-қатерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады.
Заңдағы жаңашылдық, Оған осыған дейін айтылып келген, әскери борышын өтеу кезеңінде мерзімді әскери қызметкерлерді қарызды қайтару міндетінен босату талабы енгізілген.
Бұған қоса кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз тұрғын үйінен шығарып жіберуге тыйым салу, өндіріп алу барысында банктің меншігіне өткен тұрғын үйді бұрынғы иесіне, яғни борышкерге жалға беру мүмкіндігін қарастыру сияқты өзгеріс қарастырылған.
«Заң жобасында жылу беру маусымында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу нормасы енгізілді», – деді Татьяна Савельева.
Қарыз алушының құқығын қорғауға арналған заң жобасының басты жаңалығы банктер мен микроқаржы ұйымдарына коллекторлық агенттіктерге азаматтардың несиесін сатуға шектеу қойылады.
«Коллекторлық агенттіктер сатып алған қарызды өтеуге міндеттеледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі реттейтін құқықтық қатынасқа сәйкес банктер беретін тұтынушылық қарыздың мерзіміне, сомасына және өзге де шарттарына шектеу белгілейді», – деді Савельева.
Айта кету керек, бұл заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленген. Жобаға қатысты Үкіметтің қорытындысы 2023 жылғы 12 қарашада келіп түскен. Савельеваның сөзінше, депутаттардың бастамасының басым бөлігін министрлер қолдаған. Коллекторлық компанияларға қатысты балама ұстаным жіберген, алайда онымен депутаттар келіспей отыр екен.
Сонымен қатар, заң жобасында Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзету енгізу көзделген. Құжат мақұлданып, қабылданса, жеке деректерді сатқандарға, абоненттік нөмірді ауыстырғандарға және абоненттік нөмірді басқа тұлғаларға заңсыз бергендерге қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік белгіленеді.
Бұған дейін елімізде кепілсіз несие беру тәртібіне өзгеріс енгізілетінін жазған болатынбыз. Сонымен қатар несие төлемін 90 күн кешіктірген борышкерге қайтадан қарыз берілмеуі мүмкін екенін жариялағанбыз.