Колорадо штатының соты Дональд Трампқа сайлауға қатысуға тыйым салды
Колорадо Жоғарғы соты АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа штаттағы президенттік сайлауға қатысуға тыйым салды. Шешім күшіне енсе, Трамп бұл штатта сайлана алмайды. Бұл жайлы CNN жазды.
АҚШ Конституциясының 14-ші түзетулеріне сәйкес, шенеуніктер көтеріліске қатысқан болса, мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Сот осыны негізге ала отырып, шешім шығарған.
Азаматтық соғыстан кейін ратификацияланған 14-ші түзету Конституцияны қолдауға ант берген шенеуніктерге, егер олар «бүлікке қатысқан» болса, болашақта мемлекеттік қызмет атқаруға тыйым салады. Бірақ бұл түзетуде нақты президенттік туралы жазылмаған.
Басылымының хабарлауынша, төрт судья Трампты Колорадодағы праймеризден шеттетуді қолдаса, үшеуі қарсы болған. Сот шешімі 2024 жылдың 4 қаңтарында күшіне енеді. Бұл аралыққа дейін Трампқа АҚШ Жоғарғы сотына шағым түсіруіне мүмкіндік бермек. Ал Республикалық партияның праймеризіне үміткерлер тізімін жасау мерзімі 5 қаңтарда аяқталады.
Сот Трампты 2021 жылы Капитолийде болған көтеріліске қатысты деп кінәлайды.
Сот шешімі тек Колорадо штатына қатысты болғанымен, бұл 2024 жылғы президенттік сайлау науқанына айтарлықтай әсерін тигізуі мүмкін.
Трамптың сайлауалды штабының өкілі Стивен Чунг сейсенбіде Колорадо Жоғарғы сотының шешіміне «тез арада шағымданатынын» мәлімдеген.
«Колорадо Жоғарғы соты бүгін түнде мүлдем қате шешім шығарды, біз дереу АҚШ Жоғарғы сотына шағымданамыз. Бұл демократиялық шешім емес және оны тоқтатуды сұраймыз. Біз АҚШ-тың Жоғарғы соты тез арада біздің пайдамызға шешім шығарып, бұл сот процестерін тоқтататынына толық сенімдіміз», – деді Чунг.
Егер Жоғарғы Сот наразылық білдірушілерді қолдап, бұл шешіммен келіспесе, 2020 жылғы сайлау нәтижелерін өзгерту әрекеттеріне қатысты деген барлық айып та алынып тасталуы мүмкін.
Трамп 6 қаңтардағы оқиғаларға қатысты өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол 2020 жылғы сайлауды бұзу әрекеттеріне байланысты тағылған федералды және штаттық айыптауларды да мойындамаған.
Капитолийде болған көтеріліс жайлы: 2021 жылы қаңтарда Капитиолийдегі жаппай тәртіпсіздік кезінде 5 адам қаза тапты. 140-тан астам полиция жарақат алды. Трамптың бірнеше жақтасы тәртіпсіздікті ұйымдастырғаны үшін он жылдан аса түрмеге жабылды.
Еске сала кетсек, Дональд Трампқа 4 қылмыстық іс бойынша айып тағылды. Бірақ Трамп тағылған айыпты мойындамады. Ол 2024 жылы сайлауға түсуіне қолдан кедергі жасалып жатыр деп мәлімдеді.