Желтоқсан айында Қайрат Сатыбалды мемлекетке 120 млн доллар қайтарды – Антикор

Жарияланды
Қайрат Сатыбалдыұлы мемлекетке 120 млн доллар қайтарды / shutterstock және gov.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекетке 55.4 мрлрд теңге немесе 120 млн доллар қайтарғанын хабарлады.

Агенттік Сатыбалдыұлына және өзге де адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын және өзге де мүлікті қайтару бойынша іс-шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

«Тек ағымдағы жылдың желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қ. Сатыбалдыұлының жалпы сомасы 120 млн АҚШ долларына, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшалай қаражатын қайтаруды қамтамасыз етті» делінген хабарламада.

Бұл қаржы «мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке» аударылған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдыұлы бас бостандығынан айыру жазасын, бас бостандығын шектеу жазасымен ауыстыру туралы өтінішпен сотқа жүгінген болатын.

Алайда, Өскемен қалалық соты оның «тәртіп бұзатынын және мінез-құлқы тұрақсыз» екенін алға тартып мерзімінен бұрын шартты түрде босауға өтініш беруіне әлі ерте деген қорытындыға келген.

Айта кетейік, 2022 жылдың 26 қыркүйегінде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты Қайрат Сатыбалдыұлын 6 жылға бас бостандығынан айырды.

Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің екі бабы «алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу» баптары бойынша айып тағылған болатын. Ол процесс барысында тағылған айыпты мойындады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеп-тексеру шаралары аясында елден заңсыз шығарылған активтерді қайтарғанын хабарлаған болатын. Ол кезде Бас прокуратурамен бірлескен іс-әрекеттер негізінде Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы сомасы 14 млн АҚШ доллары елге әкелінгені хабарланған еді. 

Айта кетейік, соңғы 2 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты елге қайтарған.

Олардың қатарына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, сәнді үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол жолдары мен шетелден алынған қаржы да бар.

Сондай-ақ оқыңыз