Су ресурстарына жұмсалған 400 млн теңгеден астам қаражат қайда кетті – министр жауап берді
Су ресурстары министрі 14 жыл бұрын басталған жобаның қашан аяқталатынын айтты / Фото: gov.kz
Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жобасына 400 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бірақ жоспарланған жоба соңына дейін аяқталмай қалған. Депутаттар Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен бұл қаражаттың қайда кеткенін сұрады.
«ЖАП басшысы 14 жыл бұрын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жобасына 400 млн теңден астам қаражат жұмсалғанын айтты. Бұл жоба лайықты деңгейде жүзеге асырылмаған болса, бұл қаражат қайда кетті? Бюджет қаражатының тиімсіз жұмсаған кім? », – деп сұрады депутат Екатерина Смышляева.
Су ресурстары министрі 14 жыл бұрын қаражаттың тиімсіз жұмсалуының артында кімдер тұрғанын айта алмады. Бірақ әзірленген жүйе негізінде тағы бір жүйе дайындалып жатқанын айтты.
«Иә 2009 жылы бюджеттен 422 млн теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда бұл жүйе тәжірибелік қолдануға берілді. Бірақ өндірістік қолдануға әлі берілген жоқ. Өткен жылдан бастап “Ғарыш Сапары» АҚ бірлесіп осы аналитикалық жүйе негізінде Гидрогов.кз бағдарламасы әзірленіп жатыр. Ол бағдарламаны тәжірибелік пайдалануға 2024 жылы береміз. Ал өндірістік қолданысқа 2024 жылдың соңында береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл бағдарлама бізге бүкіл республика бойынша су ресурстарын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Яғни біз судың тұтынушыға жеткенге дейінгі жолын бақылай аламыз”,– деді министр.
Министр 5 жыл ішінде су жүйелерін 100 пайыз автоматтандырылмаса да, нақты көрсеткіштерге жетуге болатынын айтты. Депутат қаражатты тимсіз жұмсаған адамдар туралы қайталап сұрады. Министр оған былай деп жауап берді:
«Бұл жұмысты тиімсіз атқарғандардың кім екенін және кімнің жауапкершілікке тартылғанынан хабарым жоқ. Бұл 14 жыл бұрын болған оқиға».
Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрайымы Наталья Годунова су шаруашылығына қатысты палатаның есебін оқыды. Ол су ресурстарына жұмсалған қаражаттың желге жұмсалып жатқанын айтты. Су ресустары инфрақұырылымы мен оның модернизациясына көлемді қаражат бөлініп жатқанына қарамастан, су үнемдеуде еш нәтиже шықпаған. Годунованың айтуынша су саласын дамытуға 2013-2022 жылдар аралығында 1 трлн 100 млрд теңге қаражат жұмсалған.
Сонымен бірге халықаралық несиелеу нәтижелері де көңіл көншітпейді. Мәселен Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің несиелендіруімен «Қазсушар» РМК 2017 жылдан бері жалпы құны 317 миллион АҚШ долларын құрайтын 61 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бірақ ЖАП аудиті кезінде 5 жылдан бері небары 18 жобаның ғана аяқталғаны анықталған. Ал 37-сі іске асыру сатысында, 6-уы бойынша жұмыс әлі басталмаған. Себебі – сол баяғы сапасыз жоспарлау мен адал емес мердігерлер. Сонымен бірге аудит нәтижесінде ЕҚДБ-ның 3 млрд теңге несиелік қаражатына жоспарланған 8 жобаға деп сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған инфрақұрылымдар негізгі мақсаты бойынша пайдаланылмаған.