«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалы директорының бұрынғы орынбасары алаяқтық әрекеті үшін сотталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шаруа қожалығының басшысы шетелден әкелінген 277 бас асыл тұқымды малды сатып алу үшін «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие желісін ашу туралы өтінішпен корпорация филиалына жүгінгені анықталды.
«Қарыз алушыға 90 млн теңге көлемінде несие қаражаты бөлінді. Осыдан кейін сотталған азамат шаруа қожалығының басшысын алдау арқылы Ресейден мал сатып алу-жеткізу туралы ЖШС-мен шарт жасатқан», деп жазылған ҚМА таратқан хабарламада.
Шаруа қожалығының басшысы есеп айырысу шотына 90 млн теңге аударған, бірақ бұл қаражатты корпорацияның Ақтөбе филиалы директорының орынбасары жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұған дейін мемлекеттік бюджет қаржысын жымқыру мақсатында аффилирленген шарт жасап, 101 млн теңгені иеленген Қызылорда облысының лауазымды тұлғасына 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанын жазғанбыз.
«Қызылорда облысының прокуратурасы «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қызметіне тексеру жүргізді. Тексеру барысында «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС «Мега Агро» ЖШС-дан 2400 тонна күріш астығын 120 млн теңгеге сатып алу туралы 02.03.2018 жылы келісім-шарт жасағаны анықталды. Қаражат толық көлемде аударылған. Шарт талаптарына сәйкес тауар 30.09.2018 жылға дейін жеткізілуі тиіс болған. Алайда Жеткізуші өз міндеттерін толық орындамай, 101 млн теңге мемлекет қаражатын бас пайдасына шығындаған», делінген хабарламада.
Ең қызығы, тапсырыс беруші «Агро Холдинг «Байқоңыр» ЖШС мен жеткізуші «Мега Агро» ЖШС басшысы бір адам – Манарбек Еспанов болған. Солайша Еспанов өзі басшылық етіп отырған компанияны қаражатын өзінің жеке компаниясына аударған.