Жаңалықтар

Қазақстан Аргентинадағы дағдарыстан қандай сабақ ала алады?

Үш таңбалы инфляция, бір тәулікте екі есе құнсыздану және бюджет шығыстарын түбегейлі қысқарту – бұл Аргентинада ұзаққа созылған, тиімсіз реформалардың бағасы. «Курсив» Аргентинаның экономикалық жағдайы туралы айтып, Қазақстан үшін қауіпті аймақтарды анықтайды.

фото: shutterstock

Экономикалық тоқырау

Бірнеше апта бұрын ғана сайланған Аргентина президенті Хавьер Милей ел экономикасына «шок терапиясын» жасауға уәде етті.

Айтқанында тұрып, көп кешіктірмей, елді есеңгірететіндей жағдай орын алды.  

12 желтоқсанда экономика министрі Луис Капуто (Аргентинадағы қазіргі реформалар контекстіндегі айтулы есім) ұлттық валютаны екі есе – бір долларға 365 песодан 800-ге дейін құнсыздандыру қажеттігін мәлімдеді. Келесі күні песоның айырбас бағамы 785-ке дейін, ал бір күннен кейін – 801-ге дейін «ұшып»кетті.  Жаңа үкіметтің «шок терапия» пакеті провинцияларға трансферттерді қысқартуды және мемлекеттік тапсырыстар бойынша тендерлерді тоқтатуды қамтыды. Жақын арада билік отын мен көлікке арналған субсидияны қысқартады.

 Аргентина экономикасында екі үлкен проблема бар. Оның біріншісі – гиперинфляция (қарашада жылдық мәнде бағалар 161%-ға өскен). Екіншісі, қарыз деңгейінің (ХВҚ есебінше 400 млн доллар) жоғары болуы. 16 млрд долларға жуығын алдағы жылы төлеу керек. Ал Аргентинаның Орталық банк резерві 10 млрд доллар ғана. Жақын арада оның айтарлықтай өсетіні жайлы әңгіме жоқ. Fitch рейтинг агенттігі жағдайдың қиын екенін болжап отыр. Аргентинаға қарызды қайта құрылымдау керек не болмаса кезекті тәуелсіз дефолтқа бару керек.

Қарыз дағдарысы макроэкономикалық жағдайдың нашарлауымен өршіп барады. Reuters  сауалнамасына қатысқан сарапшылар желтоқсанда Аргентинаның ұлттық экономикасы 2023 жылдың IV тоқсанында екі тоқсан қатарынан төмендегенін айтқан. Бұл елдің экономикалық өсу қарқынының баяулағаны деген сөз.

Дүниежүзілік банк пен ХВҚ, жергілікті қаржы институттары, тіпті Аргентина үкіметі биылғы жыл дағдарысты жыл болатынын мойындап отыр.

Әлемдегі бірінші орыннан үшінші орынға

XX ғасырда Аргентина экономикасы дамыған ел болды. Maddison Project-тегі экономикалық тарихшылар есебі бойынша 1900 жылы осы елдің жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі Германия, Франция, Канаданың сол кездегі көрсеткішіне тең келген. Тіпті өзін бұрынғы отарлаушы Испаниядан екі есе жоғары болған.

Бидай мен етті Еуропаға экспорттауға байланысты XIX ғасырда экономикасы қарқынды дамуыды. Өз кезегінде бұл құбылысқа темір жол мен тоңазытқыштың пайда болуы ықпал етті. Алайда 1930 жылы бұрынғы серіктестер импортқа шектеу енгізе бастайды, Аргентина оған жауап ретінде импорталмастыруға басымдық береді. Бірақ та саяси тұрақсыздық салдарынан экономиканың жаһандық тұралауына дейін-ақ, сонау 1970-1980 жылдары елдегі инфляция шарықтап кетті. Соңғы 40 жылда ол екі таңбалы болды. 1960 жылдан бастап 2000 жыл аралығында Аргентинаның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сінің таза өсімі (Дүниежүзілік банктің 2015 жылдан бергі үнемі доллардағы есебі)  44% болды. Салыстыратын болсақ, тура осындай деңгейден бастау алған Испанияның көрсеткіші 298%-ға өсті. Ал  60-шы жылдары Аргентина мен Испаниядан алты есе кедей болған Оңтүстік Кореяның көрсеткіші 1600%-ға жетті. Институционалдық экономистер мұндай жағдайды «орташа табыстың қақпаны» деп атайды.

Инфляцияның үнемі жоғары болуы және салымдарға үнемі шектеулер енгізу песоға деген сенімді жойды. Халық ақшаны тек долларда жинай бастады. Төлем балансының үнемі тапшы болуы мен Орталық банктің резервтерге қатысты проблемасы болғандықтан, америкалық валютаны ресми түрде сатып алу мүмкін болмады. Аргентинада екі валюта бағамы болды. Біріншісі ресми бағам, екіншісі қара нарықтағы бағам. Соңғы уақытқа дейін айырбас бағамындағы айырмашылық екі есе болуы мүмкін еді, алайда бір апта бұрынғы құнсызданудан кейін 20%-ға қысқарды. Саясатшылар осы уақытқа дейін аргентиналықтарға реформа жасауға уәде беріп келді. Оны іске асыру үшін үкімет көп қарыз алды, оның ішінде Халықаралық валюта қорынан да алған. Қазір қарыз берушілер құрылымында бұл қаржы институты басты болып тұр, яғни 44 млрд доллар қарыз бар, оның 4 млрд долларын осы қаңтарда төлеу керек. Бұл елдің борышкерлік тарихының ажырамайтын бөлшегі – бұл көптеген дефолт. Оның соңғысы «егер техникалық дефолттарды санасақ ел тарихындағы 10-шы дефолт) 2020 жылдың мамырында болды.

Дағдарыс шегі

Қазіргі қаржылық және валюталық дағдарыс кезінде халықаралық институттар Аргентинаға реформалар жиынтығын ұсынды. Олар көбінесе құрылымдық деп аталады: мемлекеттік қаржыны оңтайландыру, экономиканы әртараптандыру, бірыңғай нарықтық валюта бағамына көшу, нарыққа кірудегі кедергілерді төмендету, бірқатар бизнеске салынатын салықтарын азайту (ЭЫДҰ сарапшылары мұндағы корпоративтік табыс салығы аймақтағы ең жоғары салықтардың бірі екенін атап көрсетті).

Алайда реформалар әртүрлі себептермен нәтиже бермеді. Саясаткерлерде қатаңдық болмады ма немесе сол қатаңдықтың арқасында олардың сенімдері тез жоғалып жатты. ЭЫДҰ елдерінің соңғы шолуы бұрын енгізілген фискалдық қолдау шаралары, яғни жұмысшыларды субсидиялау, салықтан босату және үй шаруашылықтарын инфляциядан қорғау – экспорттық түсімнің аз кезінде кіріс проблемаларынан зардап шегетін мемлекеттік қаржыны әлсірететінін атап өтті. Бұл жерде соңғы фактор аса маңызды. Экспортты әртараптандыруға деген талпыныс сәтсіз аяқталды. Ел халықаралық еңбек бөлінісінде ауыл шаруашылығы шикізатын – негізінен соя мен жүгеріні жеткізуші болды және болып қала да береді. Бағаның өзгеруіне немесе құрғақшылыққа байланысты экспорттың ауытқулары жыл сайын экономиканы дағдарыс шегіне жеткізеді. Соңғы 30 жылда шикізаттың жылдық жоғары  және әлемдік ең төмен бағалар арасындағы алшақтық соя өнімдері үшін үш есе, жүгері үшін төрт есе болды. Биылғы жылғы қиындық қуаңшылық болды. Осының салдарынан ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар 20 млрд долларға ұтылды.  Бұл ретте тауарлық экспорттық жалпы көлемі 2022 жылы 89 млрд доллар болған. Алайда сол табысты жылдың өзінде төлем балансының ағымдағы операциялар шоты теріс көрсеткіш көрсетті. Ал бұл ақыр соңында келіп песонның айырбас бағамына қысым жасады да, инфляцияның «қуат» алуын жылдамдатты.

Дағдарысты еңсеруге уәде еткен оңшыл және солшыл саясаткерлерден шаршаған аргентиналықтар осы жылдың қараша айында радикалшыл-либертарианшы Милейді президент етті. Егер Аргентина бойынша макро болжамға сенер болсақ, бұл сайлау Аргентинадағы дағдарыстың шыңырау түбіне жеткенде немесе соған жақын қалғанда болды.

 «Өкінішке қарай, мен сіздерге ақша жоқ екенін айтқым келеді, – деп ВВС Аргентина президентінің  инагурацияда айтқан сөзін келтірді. – Ең бастысы, үнемдеу шаралары мен «шок терапиясының» баламасы жоқ». ХВҚ жаңа үкімет кабинетінің қатаң шаралары бюджет тапшылығын алдағы үш жылда ЖІӨ-нің 4,0 пайызынан 0,5%-ға дейін қысқартады

Аргентина – Қазақстан

Бір қарағанда, Аргентина мен Қазақстанды байланыстыратын дүние аз. Былайша айтқанда, мұнай мен металдың үстінде отырған бізбен соя мен еттен пайда көріп отырған Аргентинаны салыстыруға да келмейтін сияқты. Дегенмен ұқсастық бар. Ең бастысы, екі елде халықаралық еңбек бөлінісінде шикізат жеткізуші ретінде қатысады. Екі елдің де экономикасы әлемдік бағалар шешімі мен әлем-жүйесі өзегі саналатын елдердің тұтынушыларының бейілділігіне тәуелді. Осы жерден екі негізгі осал тұс – шикізат бағасының құбылмалығы мен ипорттаушылар тарапынан шектеу шығады. Қазақстан осының біріншісімен жақсы таныс болғанымен, екіншісін Еуроодақ көміртекті реттеу жүйесін енгізгеннен кейін зерттеуге тура келеді.  

Қазірдің өзінде Аргентина өзінің ресурстық әлеуетін стартегиялық тұрғыдан сәтсіздікке ұшыратты деп сенімді түрде айтуға болады. Ал Қазақстанда әлі мүмкіндік бар. Әзірге елді мұнай бағасының өсуімен тәуелсіз қор сақтап тұр. Алайда  мемлекеттің өсіп жатқан шығыны мен халық санының өсуі кезіндегі шығыны көп бюджеттік саясатының жалғасуы 20 жылдан кейін қолда бар қорды тауысуға әкеледі. Ал мұның арты неге апаратынын Аргентина басынан өткеріп көрді. Қазақстан үкіметінің биылғы жылы іс жүзінде тағы бюджеттік қағиданы бұзғаннан кейін, ары қарайғысы ақылға сыйымсыз сияқты. Аспан түстес көгілдер туда күн бейнесі орналасқан оңтүстік америкалық елдің ең бір ерекшелігі – аргентиналықтар өзгеріс жасауға дайын. Соңғы 32 жылда бұл елде 11 президент ауысқан, ал Қазақстан тек екі президентті ғана көрді. Аргентинаның демократиялық заңнамаларының жалпы деңгейі де жоғары бағаланады. Freedom House-тің азаматтық бостандық деңгейі жөніндегі елдер рейтингінде Аргентина толығымен еркін ел қатарына кіреді. Қазақстан толығымен еркін емес. Алайда Аргентинаның тәжірибесіне қарап, бұл елдің дамуы үшін жеткіліксіз екенін көруге болады.