Ел билігі АЭС құрылысына қанша қаржы қажет екенін мәлімдеді
Қазақстандағы АЭС құрылысына $10-15 млрд қаржы кетуі мүмкін. Бұл туралы «Бейбіт атом» семинарында «Қазақстан атом электр станциялары» компаниясының бас директоры Тимур Жантикин мәлімдеді.
«АЭС құрылысына шамамен 10-15 миллиард доллар қажет. Қазір қаржыландыру көздері қарастырылып, негізінен халықаралық қаржы институттары пысықталып жатыр. Бұл жоба – мемлекет араласпайтын коммерциялық жоба, сондықтан оның өз шарттары бар», – деді Жантикин.
Оның айтуынша, «Қазақстан атом электр станциялары» Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салудың «әртүрлі нұсқасын» қарастырып жатыр. Әлемге әйгілі компаниялар 13 жоба ұсынған, соның ішінен Қазақстан төртеуін таңдаған.
«Олар Қазақстанда салуға ең қолайлысы. Бұл қысымды сумен салқындатылатын реакторлар деп аталады. Бұл әлемде ең көп қолданылатын және ең сенімді көрсеткіштері бар реактор түрі: қауіпсіздік деңгейі жоғары, экономикалық көрсеткіштер қолайлы. Біз қазір осы төрт жобаны жан-жақты қарастырып жатырмыз», – деп түсіндірді Жантикин.
Компания басшысы алдымен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленетінін айтты. Үкімет АЭС құрылысын мақұлдаса, жоба-сметалық құжаттамасын дайындап, сосын құрылысқа кіріседі. «Станцияны 2035 жылға қарай іске қосамыз деп үміттенеміз», – деді ол.
«Қазақстан атом электр станциялары» – 2014 жылы Астанада тіркелген «Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны. Компания 2019 жылы қайта тіркелген. Атом өнеркәсібі мен атом энергетикасы объектілеріне инженерлік іздестіру және осы салада техникалық кеңес беру саласындағы қызметпен айналысады.
Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы нақты шешім әлі қабылданған жоқ. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселе бойынша референдум өткізуді ұсынған. Референдум өтетін күні әлі анықталмады.
Алдын ала болжам бойынша, Алматы облысындағы Үлкен ауылында атом электр станциясы салынуы мүмкін.
«Самұрық-Қазына» АҚ АЭС құрылысын қаржыландырудың екі нұсқасын: өз қаражаты мен Ұлттық қор қаражатын пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатыр.