Орташа бағасы 14,8 млн теңге: Қазақстанда жеңіл автокөлік 2,3 пайыз арзандады
Қазақстанда автокөлік аздап арзандаған. «Қазақстанның Автокөлік Одағының» мәліметі бойынша, қарашада жаңа жеңіл автокөліктің орташа құны 2,3% арзандап, былтырғы 15,2 млн теңгемен салыстырғанда, 14,8 млн теңгені құраған.
ҚАО дерегіне сүйенсек, қарашада 17 538 жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника, 1 429 жүк көлігі мен автобус сатылған. Бұл былтырғы қарашамен салыстырғанда 54,1% артық. 2023 жылдың 11 айында қазақстандық дилерлер 175 255 автокөлік сатқан (+59%)
Осы айда ең көп сатылған үздік бестікке Chevrolet, Hyundai, Kia, Toyota, Chery маркалары енген.
Елде аса танымал модельдер арасында тағы Chevrolet Cobalt (2 911) көш бастады. Hyundai Tucson (1 068) екінші, ал үшінші орын Chevrolet Onix (800) еншісінде.
11 ай қорытындысы бойынша брендтер қатарында Hyundai (42 038; +64,7%) бәсекелестерінен көш ілгері келеді. 40 011 автомобилі өткен Chevrolet бұл жолы екінші жүлдені иеленді (+30,1%). Kia 23 070 автомобильмен үштікті түйіндеді (+79,5%). Chery сатушылар 10 838 автомобильдің кілтін тапсырған (+178,3%). Ал бесінші орынға Toyota (9 310; +8,3%) тұрақтады.
Десе де, Қазақстандағы әрбір екінші көліктің жолда жүргеніне 20 жылдан асып кеткен. Осындай 2 миллоннан аса көлік бар.
2024 жылдан бастап жол апаты жиі болатын өңірлерде автокөлікті міндетті сақтандыру құны қымбаттайды.