Қазақстан көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу рәсіміне уақытша өзгеріс енгізді. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу тәртібіне 2023 жылғы 30 желтоқсаннан бастап енгізілетін уақытша өзгеріс 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.
«Көлік министрлігі 2015 жылғы 26 наурыздағы «Механикалық көлік құралдары мен оларға арналған тіркемелерді міндетті техникалық байқаудан өткізуді ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының кейбір нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы» бұйрық қабылдады», – делінген хабарламада.
Бұйрық бойынша 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін көлік құралдарының қауіпсіздік талабына сәйкестігі туралы құжатын тексеру және газ жабдығын сынақтан өткізу талабы жойылды.
Көлік министрлігінің хабарламасында міндетті техникалық байқау жүргізу кезінде диагностикалық картаға автомобильге орнатылған газ баллонының сериялық нөмірін енгізу туралы талап уақытша тоқтатылғаны түсіндірілген.
Қазан айында көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізу барысында заңсыз әрекетке баратын операторларға салынатын айыппұл көлемін 10-нан 150 АЕК-ке (34 500 теңгеден 517 500 теңгеге) дейін арттыру жұмысы жүргізіліп жатқаны жарияланған болатын. Бұған қоса техникалық байқаудан өтпесе де, өткені туралы жалған құжат рәсімдейтін автокөлік иелеріне 17 250 теңге мен 517 мың теңге аралығында айыппұл салу мәселесі көтерілген.
Жыл басынан бері 350 жосықсыз тексеру операторының қызметі тоқтатылып, 131 операторға айыппұл салынған.
1 қыркүйектен бастап көлік жүргізушілеріне қағаздағы «техникалық байқау» құжатын алып жүру талабы қойылматын болды. Себебі автокөліктің «техбайқау» картасы цифрлық құжатқа айналды.
Қазір «техникалық байқаудың диагностикалық картасы» электронды үкіметтің EgovMobile қосымшасының жеке кабинетінде, цифрлық құжат түрінде сақталып тұрады.