Жаңалықтар

Банктердің киберқауіпсіздік деңгейі төмен болғандықтан, интернет алаяқтар ойларына келгенін істеп жатыр 

Фото: kursiv.media

Банктердің киберқауіпсіздік деңгейі төмен, ал интернет алаяқтар ойларына келгенін істеп жатыр. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских мәлімдеді.

 «Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық дерегіне сүйенсек, 2021 жылы республика аумағында 40 402 алаяқтық фактісі  тіркеліп, 39 671 азамат 120 341 млн теңге көлемінде зардап шеккен. 2022 жылы 42 813 алаяқтық фактісі тіркеліп, 42 621 2азамат 97 329 млн теңге залал көрген. 2023 жылдың 10 айында 36 462 алаяқтық фактісі тіркеліп, 37 987 азамат 154 110 млн  теңгесінен айырылған», – деді депутат.

Геннадий Шиповских алаяқтар саннан сапаға ауысып, «құрбандарынан» мейлінше көп қаражат «жұлып алуға» тырысып жатқанын атап өтті және банктердің киберқауіпсіздік деңгейі көңіл көншітпейтініне назар аударды.

«Барлық банк цифрландыруға қадам жасады. Десек те, алаяқтардың махинациялық операциялары банктердің жүйесі арқылы өтетіні жасырын емес. Интернет алаяқтар ойларына келгенін істеп жатыр. Өйткені банктердің киберқауіпсіздік деңгейі төмен», – деді депутат.

Сенатор азаматтардың ақшасын небір құйтырқы жолмен иеленуге басы жеткен адам мүлкін өз атына жазбайтынына тоқталып, Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан: «Алаяқтың өз атында мүлкі болмаса, шығын кімнің есебінен өтеледі және оның алгоритмі қандай болады?», – деп сұрады.

Геннадий Шиповских депутаттық сауалын: «Банктер тұтынушыларын алаяқтардан қорғау мақсатында жүйені бір қалыпқа келтіріп, киберқауіпсіздікті жаңа дәрежеге көтеруі тиіс», – деп қорытты.

Бұған дейін еліміздегі киберқауіпсіздік пен алаяқтықтың жаңа түрлері туралы жазғанбыз.

Мақалада алаяқтық хабарландыру сайттары, телефон, әлеуметтік желі және басқа да тәсілдер арқылы жасалатыны нақты мысалмен түсіндіріліп, алаяқтардың құрбанына айналмау үшін қайтпек керек деген сауалға жауап берілген болатын.

Осыған қатысты мәселені Қазақстандық компаниялардың киберқорғанысы қай деңгейде деген мақалада да түсіндіруге тырысқанбыз.