Сенаттың жалпы отырысынан кейінгі брифингте вице-министр Әсет Тұрысов ел азаматтарына жеке басын куәландыратын құжатты курьер арқылы жеткізу мәселесі қарастырылып жатқанын жариялады.
«Жеке куәлікті курьер арқылы жолдау мәселесін қарастырып жатырмыз. Мұндай мәселе бар», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі.
Әсет Тұрысов қосымша қызмет көрсету мәселесі күн тәртібіне қойылғанда Ішкі істер министрлігімен ақылдасатындарын айтты.
«Бұл мәселеде ешқандай сұрақ туындамауға тиіс. Ішкі істер министрлігі қарайды, пысықтайды. Себебі жеке куәлік – маңызды құжат. Мұны азаматтар дұрыс түсуінуі керек. Бұл ретте адамның келісімін тіркеу маңызды әрі қажет», – деді Әсет Тұрысов журналистерге берген сұхбатында.
Вице-министр азаматтарға жеке басты куәландыратын құжатты курьер арқылы жеткізу үшін қызмет көрсету сервистерімен интергация жасалынатынын мәлімдеді.
«Адамдарға ыңғайлы болу үшін құжатты жеке курьерлер жеткізеді деген жоспар бар. Қазір біз yandex немесе басқа қызмет түрін қолданамыз ғой. Мысалы, тамаққа тапсырыс берген кезде. Осы серіктестермен де интеграция жасағымыз келеді. Бұл бізге серіктестермен ынтымақтастық орнатуға және курьерлердің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағытта жұмыс істейміз», – деді Әсет Тұрысов.
Бүгін Сенатта «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда мақұлданды. Жоғарыдағы мәселе осы заң аясында көтерілді.