«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы 2022 жылға 238 млрд теңгеден астам дивиденд төлейді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтына жарияланған хабарламада жазылды.
2022 жылғы шоғырландырылған қаржылық есепте таза кірісті бөлу тәртібі нақтыланып, бір жай акцияға есептегендегі дивиденд құны көрсетілген.
Қордың жалғыз акционері – ҚР Үкіметінің қаулысы бойынша акционерлік қоғам 2022 жылға 238 млрд теңгеден астам дивиденд төлейді. Қордың бір жай акциясына есептегендегі 2022 жылғы дивиденд мөлшері 68,36 теңгені құрайды.
Үкімет қаулысына сәйкес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры таза кірісінің кем дегенде 7% мөлшерін жарғысында көрсетілген тәртіппен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына аударады. Қорға бөлінетін қаражат 66 млрд теңгеден астам сомаға пара-пар болды.
Айта кетейік, «Самұрық-Қазына» қоры 2020 жылы үкіметке – 88,3 млрд, 2021 жылы – 170 млрд теңге төледі.
«Таза табыстың бөлінбеген бөлігі инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру, борыштық міндеттемелерді өтеу және активтер сатып алу үшін қор мен оның компанияларының иелігінде қалдырылсын. Дивиденд төлеу осы қаулыға қол қойылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде «201301» бюджеттік сыныптама коды бойынша республикалық бюджетке қолма-қол ақшасыз аудару арқылы ақшалай нысанда жүргізілсін», – деп жазылған хабарламада.
2023 жылдың қорытындысында «Самұрық-Қазына» АҚ 1,8 трлн теңге кіріс көреді деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы нәтижеден 5% кем көрсеткіш. Қордың экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтеповтің айтуынша, қазіргі саяси және макроэкономикалық жағдайды ескерсек, бұл жақсы нәтиже.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры Нәзира Нұрбаева 2022 жылдың қорытындысы бойынша қордың 1,9 трлн теңге таза табыс тапқанын мәлімдеді.
«2022 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы пандемия салдарын өткеріп, орнықты өсімді қалпына келтірді. Бұған компаниялардың маңызды өндірістік көрсеткіштерінің жақсаруы әсер етті. Бұл қордың қаржылық жағдайына позитивті ықпал етті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорға 14 785 млрд теңге табыс түсті. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 26 пайызға жоғары. Таза кіріс рекордты деңгейге жетті – 1 922 млрд теңге. Бір жыл бұрынғыдан 18 пайызға көп», – деген еді қор өкілі.