Солтүстік өңірге қоныс аударған азаматтарға бір жыл несие каникулын жариялап, шекара маңындағы кәсіпкерлерге салық жеңілдігін жасау қажет. Сенаттың жалпы отырысында депутат Айгүл Қапбарова осындай мәлімдеме жасады.
Сенатор ішкі көші-қонның өзекті мәселесін тілге тиек етіп, тұрғындар қалаға ауылдағы «қиын өмірден» қашқандықтан көшіп жатқанын жариялады.
«Ішкі көші-қонды дамыту және ел аумағы бойынша халықтың біркелкі қоныстануы мәселесіне бағытталған жеке бағдарлама жоқ. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қала халқының үлесі – 62%, ауыл халқының үлесі – 38%. Соңғы 5 жылда қала халқы – 17%-ға өсіп, ауыл халқы 2,3%-ға азайды. Қала халқы көп жағдайда табиғи процеспен емес, депресивті ауылдардың есебінен өсіп жатыр, – деп дабыл қақты Айгүл Қапбарова.
Сенатордың айтуынша, қазір қала мен қалаға жақын орналасқан аудандарда тіркелген және нақты тұратын адамдардың санын тап басып айту мүмкін емес. Бұған қалада тіркелген тұрғындардың іс жүзінде қала маңында тұратыны себеп болып отыр.
Айгүл Қапбарова әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселені қаржыландыру ең алдымен халықтың нақты есебінен қалыптасатынына назар аударды.
«Мектеп, емхана құрылысына немесе орталықтандырылған жылумен, сумен жабдықтауға қосылуға қаражат сұрату үшін экономикалық негіздеме және халықтың нақты саны қажет. Ұлттық статистика бюросы нақты тұрғылықты жері бойынша халықтың санын есепке алу әдістемесіне көшуді қарқынды жүргізуі керек. Бұл қаладағы халықтың нақты санын айқындауға мүмкіндік береді», – деді сенатор.
Айгүл Қапбарова жұмыс күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аудару процесі баяу жүріп жатқанын атап өтті.
«2023 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап экономикалық ұтқырлық сертификатын ұсынудың жаңа тетігі іске қосылды. Ол қоныс аударушыларға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде немесе 4 млн теңге қаржылай көмек көрсетуді көздейді. Экономикалық ұтқырлық сертификатын қандастар мен қоныс аударушылар тұрғын үй сатып алуға немесе тұрғызуға бастапқы жарна ретінде пайдаланады. Алайда тұрғын үй алуға қаржылық көмек беретін осы сертификат қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты бірқатар өңірде көшіп келушілерге түгел берілмей отыр», – деді депутат.
Айгүл Қапбарова мәселені шешу үшін солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға мемлекет меншігіндегі пайдаланылмайтын жер учаскелерін беру үшін Жер кодексіне түзету енгізу мәселесін қарастыруды ұсынды.
«Солтүстік Қазақстанға қоныс аударған азаматтарға 1 жыл несие каникулын жариялап, шекара маңында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге салық жеңілдігі мен преференцияларды қолдану мүмкіндігін қарастыру қажет. Қоныс аударушыларға отын мен көмір сатып алуға жылына бір рет республикалық бюджеттен 35 АЕК немесе 120 750 теңге көлемінде бірреттік төлем тағайындау керек», – деді депутат.