Астананың автобустарында жол жүру ақысын Bluetooth арқылы төлеу сервисі іске қосылды

Жарияланды
Астанада Bluetooth арқылы автобусқа төлем жасауға болады / shutterstock

Елорданың қоғамдық көліктерінде жол жүру ақысын Bluetooth арқылы төлеу сервисі іске қосылды. Бұл туралы City Transportation Systems ЖШС хабарлады.

Avtobys мобильді қосымшасын жүктеп алған азаматтарға қоғамдық көлікте Bluetooth арқылы төлем жасау мүмкіндігі берілді.

Bluetooth төлем жасау үшін ұялы телефонға Avtobys мобильді қосымшасын жүктеп, оған телефон нөмірі арқылы тіркелу керек. Мобильді қосымшаның теңгерімін әмиян батырмасы арқылы ұсынылған әдістердің бірін таңдау арқылы толтыруға болады. Теңгерімді толтыру үшін QIWI, kassa24 төлем терминалдарының, электрондық әмиянның, интернет-банкингтің қызметіне жүгінген жөн. 

«Жолақыны Bluetooth арқылы төлеу үшін телефоныңыздан Bluetooth қосасыз. Одан кейін қосымшаға кіріп, Bluetooth белгісін басасыз, маршрутты таңдайсыз және төлемді растайсыз», – деп жазылған компанияның сайтында.

Айта кетейік, әзірше төлем жасаудың бұл тәсілі жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесінің жабдығымен жабдықталған автобустарда ғана қолжетімді.

Kursiv.media тілшісіне берген түсініктемесінде «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хатшысы Оксана Аубакирова: «Қазір біз онлайн төлем жүйесіне өтіп жатырмыз. Бұл халыққа ыңғайлы сервис, яғни төлем жүйесінің жаңа түрі. Бұған дейінгі төлем жасау түрлеріне блютуз, банк картасы, тіпті қолыңыздағы смарт-сағатпен қоғамдық көліктің жолақысын төлеу мүмкіндігі қосылды», – деді.

Оксана Аубакирова қоғамдық көлік картасына салынған ақша бір тәуліктен кейін түсетінін, бұл жолаушыларға ыңғайсыздық туғызғанын атап өтті.

«Осы олқылықтың орнын толтыру үшін автобустарда валидаторлар, QR-кодтар ауыстырылып жатыр», – деді «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хатшысы.

Биыл тамыз айында Елорданың қоғамдық көліктерінде жол ақысын төлеудің жаңа тәсілдерін енгізу кезінде барлық бағыттардағы автобустарда валидаторлар жоспарлы түрде ауыстырылатыны хабарланған еді.

Сол кезде нді QR-код және «Transcard» көлік картасы арқылы төлем түрлеріне қосымша NFC технологиясы және Bluetooth арнасы, екінші деңгейдегі банктердің картасымен төлеу мүмкіндігі болатыны айтылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз