Жаңалықтар

Депутат жұмысшыларға 6% сыйақы мөлшерімен жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Фото:shutterstocks


Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтарға жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу бастамасын көтерді.

Депутат өңдеу өнеркәсібінде кадрлардың тұрақсыздығы белең алып жатқанына тоқталып, мұның себебін жалақының төмендігімен байланыстырды.

«Өңдеу өнеркәсібінде қарапайым жұмысшыдан бастап инженерге дейінгі аралықта кадр тапшылығы сезіледі. Қазір өңдеу секторында 590 мың адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 415 мың теңге. Бұл басқа салалармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мысалы тау-кен өндіру секторында орташа жалақы – 757 мың, ақпарат және байланыс секторында – 530 мың, құрылыста – 484 мың, көлік саласында және қоймада – 474 мың теңге», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.


Динара Шүкіжанова кәсіпорындар жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдан келгеннің барлығын жасауға тырысатынын, алайда тұрғын үйге қатысты мәселесін толық шешіп бере алмайтынын айтты.

«Мен өндіріс секторының өкілі ретінде бизнестің зауыт қызметкерлерінің жалақысын үнемі көтеріп отыратынын, оларды өз қаражаты есебінен оқытып, жатақханамен, баспанамен қамтуға тырысатынын растай аламын. Өкінішке қарай, бизнес өз күшімен жұмысшылардың тұрғын үйге деген сұранысын толық қанағаттандыра алмайды», – деді депутат.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, мәселені өңдеу өнеркәсібі өкілдеріне жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу арқылы шешуге болады.

«Біз бизнеспен бірлесіп, «Әскери баспана» бағдарламасы секілді жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеу өнәркәсібі саласындағы жұмысшыларды қамтуға тиіс. Мұндай бағдарлама Татарстанда жүзеге асырылып жатыр», – деді Динара Шүкіжанова.

Депутаттың айтуынша, өңдеу өнеркәсібі жұмысшыларының қазіргі жалақысы ипотека рәсімдеуге мүмкіндік бермейді.

«Қазір банктер ипотеканы жылына 15,5-25%-ды құрайтын мөлшерлемемен береді. Бастапқы жарна – 10%-дан 50%-ға дейін болуы мүмкін. Баспананың бағасы1 шаршы метріне – 300-720 мың теңгені құрайды. Құны 19 млн теңге тұратын пәтерді, 10 жылға 25% мөлшерлемемен ипотекаға алдық деп есептейік. Ай сайынғы төлем шамамен – 341 мың теңге болады. 10 жылда 26 млн теңге артық төлем жасауға тура келеді. Ал айлық жалақы – 415 мың теңге», – деді Динара Шүкіжанова.

Депутат өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшыларына ипотекалық бағдарламаны алғашқы жарнасы – 15%-ды, ал мөлшерлемесі – 6%-ды құрайтын шекті деңгеймен беруді ұсынды.

«Біз бағдарламаны әзірлеу кезінде шарттарды талқылауға дайынбыз. Әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру және қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін «Отбасы банк» АҚ-ға халықтың барлық санаты үшін аралық қарыз алудың бұрынғы шартын қайтаруды ұсынамыз. Өңдеу өнеркәсібінің жұмысшыларына
арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама білікті кадларды сақтап қана қоймай, саланың беделін арттырады. Жастар зауыттарда жұмыс істеуге ұмтылады. Бұл отандық өнеркәсіптің дамуына серпін береді», – деп нақтылады Динара Шүкіжанова.