Зейнетақы жинағынан төленетін төлем 10% жеке табыс салығынан босатылуы керек – сенатор
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражаттан төленетін төлемге 10% жеке табыс салығын салмау керек. Салықтың бұл түрін алып тастау қажет. Сенаттың жалпы отырысында депутат Бекболат Орынбеков осындай бастама көтерді.
Сенатор 10% салық төленетін төлемнің айтарлықтай азаюына ықпал ететінін алға тартып, заңға өзгеріс енгізуді, сол арқылы зейнетақы төлемін салықтан босатуды ұсынды.
«Зейнетақы төлемі мөлшерінің едәуір азаю қауіпі бар. Кейбір жағдайда оның мөлшері ең төменгі зейнетақы мөлшерінен де аз болады. Мұның бәрі зейнетақы төлемін алушылардың наразылығын туғызуы мүмкін», – деді Бекболат Орынбеков.
Депутаттың айтуынша, БЖЗҚ-дан төленетін төлем зейнеткерлер үшін әлеуметтік маңызы зор әрі өзекті мәселе.
«Зейнетақы төлемінен салық ұстап қалу зейнетақы сомасын азайтады. Зейнетақы қорынан түсетін төлем зейнеткерлер үшін негізгі табыс көзі. Болашақ зейнеткерлердің әл-ауқатына оң ықпал ету мақсатында барлық зейнетақы жинағын төлеу кезінде жеке табыс салығын жою туралы мәселені қарауды ұсынамын», – деп түйді ойын Бекболат Орынбеков.
Бұған дейін 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар зейнеткерлер тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделу ақысын төлеуге зейнетақы жинағының барлық сомасын пайдалана алатынын жазғанбыз.
Мақалада БЖЗҚ-да жинағы бар, еңбек өтілі бойынша зейнетке шыққан, жандар интернет-платформасы арқылы қордағы салымын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға «Отбасы банкі» АҚ немесе екінші деңгейлі банктерге жүгіне алатыны нақтыланған болатын.