Алматы әкімі сұхбат беруді келесі жылға жоспарлаған /Фото: Алматы әкімдігі
Орталық коммуникациялар қызметінде журналистер Алматы әкімі Ерболат Досаевтан неге журналистерге сұхбат бермейтінін сұрады. Әкім келесі жылдың басында сұхбат беруді жоспарлап отырғанын айтты.
«Шын айтсам, әкімдік қызметімде мен сұхбат бермедім. Өйткені менің бұл жұмысым журналистермен де, халықпен тығыз байланысты. Үнемі кездесулер өткізіп, сұрақтарына жауап беріп жүрген адаммын. Яғни көпшіліктің назарында жүрмін. Дегенмен менің алдағы жылға жоспарым бар. Алматы телеарнасының 25 жылдығы болады. Сол кезде телеарнаға алғашқы сұхбатымды бермекпін», – деді шаһар басшысы.
Қала басшысы өзіне сұхбатқа жазылып қойған журналистердің көп екенін айтты.
«Менің баспасөз хатшымда журналистердің тізімі бар. Менен сұхбат алғысы келетіндер көп. Болашақта ешкімді ренжітпей сұхбаттасуға мүмкіндік туады деп ойлаймын», – деді ол.
Жиын барысында журналистер келесі премьер-министр ретінде сарапшылар Ерболат Досаевты лайықты кандидат ретінде көретінін айтқан. Осыған орай, әкімнен бұл қызметке қалай қарайтынын сұрады. Алайда Алматы басшысына қазіргі жұмысы қаттырақ ұнайды екен.
«Мен жаңа ғана Алматыны дамыту жоспарын жария еттім. Мен осы жұмысқа көбірек мән беремін. Өзіме осы жұмысым ұнайды. Өзімнің туып, өскен қаламның дамуына әлі де өз үлесімді қосқым келеді. Ал тағайындауларға келер болса, ол сол салада атқарылып жатқан жұмыстармен тығыз байланысты. Бұл орайда үкімет жұмысын атқарып жатыр. Әкімдер де өзіне тапсырылған міндетін орындап жатыр. Сондықтан әркім өз деңгейінде мінеттерін атқарып жүр. Мен осыны дұрыс деп білемін», – деді Досаев.
Еске сала кетсек, Досаев осыған дейін өзін Астана әуежайынан тауып алған журналисті сотқа беретінін айтқан. Әкімнен сұхбат алмақ болған журналист Ерболат Досаевтың Алматыдан Астанаға дейін жеке ұшақпен ұшатынын өз дереккөздерінен білген. Ол әкімді шағын жекеменшік коммерциялық әуежайда күтіп алып, сұхбат алуға тырысқан. Алайда Досаев бұл кездесуге қуана қоймай, журналисті сотқа беретінін айтқан.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтан Бостандық ауданы тұрғындары не себепті қалада бордюрлардың жиі ауыстырылатынын сұрады. Әкім бордюрлердің барлығы ауыстырылмайтынын тек қайта қоюға жарамайтындарының орнына жаңалары қойылатынын айтты. Бордюр алынған кезде ол қашалып, тегістеледі, тазарған соң бұрынғы орнына қайта қойылатынын атап өтті әкім. Ал әл-Фараби даңғылындағы бордюрлардың 20-25%-ын ауыстыру жоспарланғанын, бірақ 3%-ын ғана өзгертілетіні де айтылды.
Шаһар басшысы жол мен бордюр мәселесін көпшіліктің өтініші бойынша өз назарында ұстайтынын айтты. Ол осыған байланысты жолдарды орташа жөндеумен айналысатын барлық компаниялармен арнайы жиналыс өткізген.