2027 жылы пайдалануға беріледі: «Бақты – Аягөз» жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды

Жарияланды
 Бақты – Аягөз

«Бақты – Аягөз» теміржолы Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 48 млн тоннаға дейін ұлғайтады / Фото: Үкімет үйі

Абай облысында ұзындығы 272 шақырымды құрайтын Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды. Теміржолдың құрылысын ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ресми түрде іске қосқан. Бұл жайлы Үкімет үйі хабарлады. 

Құрылыс барысында 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілер көпірі, 16 бақылау құрылыстары салынады. Осы мақсатта отандық өндірушілерден 500 мың бірліктен астам шпал және 36 тонна рельс сатып алынады. Осылайша отандық өндірушілердің жобаға қатысуы  85%-ға жетеді.  

Бұл теміржол негізінде Қытаймен Бақты – Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу көзделіп отыр.

«Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қазақстан мен Қытай арасындағы өткізу қабілетін 28 млн-нан 48 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, оңтүстіктегі өткізу бекеттеріндегі кептелістерді жоюға және қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік бермек. Құрылыс жұмыстары 3 жылдай жүргізіліп,  2027 жылы пайдалануға беріледі. 

Магистраль құрылысы барысында 1700-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен бірге кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттері ашылып, ол жерде де жаңа жұмыс орындары құрылады.  

«Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономикасына оң әсерін тигізеді. «Бақты – Аягөз» жобасы Қазақстан теміржол желісінің әлемдік көлік жүйесіне ықпалдасуын кеңейтеді», — деді Әлихан Смайылов.

Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетов жүк транзитін арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Атап айтқанда, бұл бағыт Ресейден Қытайға және кері бағытта жүк тасымалын жеңілдетеді.  

«Бұл желі арқылы Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және басқа өңірлерден келетін тауарлар өтеді. Жалпы бұл транзиттік жүктердің қосымша ағынын ашып, жақын маңдағы аймақтарды дамытуға оң әсер етеді»,— деді ол.

Еске сала кетсек, қарашада Алматыны айналып өтетін «Жетіген- Қазыбек» темір жол желісінің құрылысы басталды. Аталған транзиттік дәлізде Шу, Ақтоғай, Алтынкөл және Алматы-2 бағыттары бойынша пойыздардың қозғалысы қамтамасыз етіледі. Жобаны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 2 есе қысқартады

Сондай-ақ оқыңыз