Жаңалықтар

Зиянды жұмыстарда істейтіндерге төленетін арнаулы әлеуметтік төлемді қалай есептуге болады?

выплата
HR Enbek еңбек ресурстары порталында арнайы калькулятор бар/Коллаж: kursiv.media

Еңбек  министрлігі еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтіндерге арналған арнаулы әлеуметтік төлемдердің алдын ала мөлшерін қалай есептеуге болатынын жариялады. Ол үшін HR Enbek еңбек ресурстары порталында арнайы калькулятор бар.

Арнаулы әлеуметтік төлемді қалай есептеу керек?

Ол үшін бірінші пайдаланушы-жұмыскер электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) көмегімен верификациялануға тиіс. Жеке кабинетте тексеруден өткеннен кейін, «Профиль» бөлімінде, «Қызметкердің деректері» қосымша бетінде төлемнің алдын ала мөлшерін есептеуге болады.

Бұл ретте есептеуді үш белгі бойынша жүргізуге болады:

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (бұдан әрі – БЖЗҚ) төлемсіз;

– БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – МКЗЖ) жинақтау есебінен төлеу;

– БЖЗҚ-дан МКЗЖ және міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – МЗЖ) жинақтау есебінен төлеу.

 Арнаулы әлеуметтік төлем қандай қаражаттан төленеді?

Еңбек министрлігінің ақпаратына сүйенер болсақ, жұмыс беруші айларда аударған МКЗЖ саны, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы мөлшері, өмірді сақтандыру компаниясынан төлем, жұмыс берушіден төлемі, сонымен қатар, МКЗЖ, МЗЖ және МКЗЖ жинақтау есебінен БЖЗҚ-дан төлем алынуы мүмкін.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарға 55 жасқа толған кезде және олар үшін кемінде 7 жыл МКЗЖ төленсе арнаулы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігі беріледі.

Арнаулы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен төленетін болады. Яғни

  • республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік жәрдемақы;
  • өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.

 «Арнаулы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа дейін төленетін болады. Оны алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстан шығу керек болады. Жұмыскерлер жеңіл жұмысқа ауысып, содан кейін олар жалақы мен төлем алады немесе демалысқа шығып, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнаулы әлеуметтік төлемдер алады»,– деп жазылған ведомство хабарламасында.

14 желтоқсанда Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңын мақұлдады.