Kaspi Bank биылға төртінші рет дивиденд төлейді

Жарияланды
Kaspi Bank
Kaspi Bank қашан дивиденд төлейді? Фото: kursiv.media

Kaspi Bank 2022 жыл үшін биыл төртінші рет дивиденд төлейді. Қаржы ұйымының акционерлері қабылдаған шешім Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында жарияланған.

Дивиденд мөлшері бір жай немесе артықшылығы бар акцияға 2,3 мың теңгені құрайды. KASE сайтындағы мәліметтерге сәйкес, айналымда компанияның 18,3 миллион жай және 372,5 мың артықшылығы бар акциясы жүр. Осылайша, жалпы төлем сомасы 43 миллион теңгені құрауға тиіс. Дивиденд төлеу 21 желтоқсанда басталып, алдағы үш айда жалғасады.

Бұл төлемдер – Kaspi Bank-тің былтырғы таза пайдасын төртінші рет бөлінген дивиденд. Наурызда қаржы ұйымы акционерлерге бір акцияға 4,9 мың теңге немесе 91,6 млрд теңге, маусымда – бір акцияға 5,1 мың теңге немесе 95,4 млрд теңге, қыркүйекте – 3 мың теңге немесе 56,15 млрд теңге аударған. Бір жыл ішінде төленген дивиденд сомасы айналымдағы акциялар санына қарай 286,15 млрд теңгені немесе 2022 жылғы пайданың 79,1%-ын құрайды.

Бұл – банк үшін дәстүрлі тәсіл. Акционерлер былтыр да дивидендті төрт кезеңмен алды: наурызда (бір акцияға 2,7 мың теңге), маусымда (2,9 мың), қазанда (3,1 мың) және желтоқсанда (2,15 мың). Жалпы төлем сомасы сол кезде 202,9 млрд теңгені немесе жылдық пайданың 63%-ын құрады.

Kaspi Bank-тің 88,34% акциясын иеленетін ең ірі акционері – Kaspi.kz холдингінің құрамына кіретін Kaspi Group. Ең соңғы бенефициарлары – Baring Vostok қоры (26,13%), Михаил Ломтадзе (23,42%) және Вячеслав Ким (22,27%). Kaspi.kz акциялары KASE-де, жаһандық депозитарлық қолхаттары Лондон қор биржасында (LSE) саудаланады.

Сондай-ақ оқыңыз