Жаңалықтар

42,5 пайыз: Түркияның негізгі мөлшерлемесі 20 жылдық рекорд орнатты

Түркия негізгі мөлшерлемесі өсті
Түркияның Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді Фото: kursiv.media

Түркияның ақша-несие саясаты комитеті пайыздық мөлшерлемені (бір апталық РЕПО аукционы мөлшерлемесі) 40%-дан 42,5 %-ға көтерді. Бұл туралы ресми мекеменің сайтында хабарланды. Trading Economic мәліметтері бойынша, бұл көрсеткіш 20 жыл бұрын осы деңгейден асқан: 2003 жылдың сәуірінде ол 44%-ға жетіп, кейін 41%-ға дейін төмендеген.

Түркияның Орталық банкі 2021 жылдың ақпанынан бері өзгермеген негізгі мөлшерлемені биыл 6 маусымда көтерді. Содан кейін реттеуші мөлшерлемені екі есе дерлік: жылдық 8,5%-дан 15%-ға дейін жоғарылатты. Осылайша мөлшерлеме маусым айынан бері жетінші рет көтеріліп, нәтижесінде алты айда пайыздық мөлшерлеме 4,5 есе өсті.

Bloomberg жүргізген сауалнамаға қатысқан экономистердің басым бөлігі Түркияның ақша-несие саясаты комитеті негізгі репо мөлшерлемесін 250 базистік тармаққа, 42,5% дейін көтереді деп болжаған. Standard Chartered Plc инвестициялық банкі 500 базистік тармаққа өседі деген болжам жасаған.

2023 жылы мамырда Түркияда президент сайлауы өтіп, сайлауда Режеп Тайып Ердоған жеңді. Ол сайлауалды бағдарламасында елдегі инфляцияны төмендетемін деп уәде берген. Қазір Түркияда инфляция 62%-ға жуықтап тұр.

Сайлаудан кейін Ердоған ақша-несие саясатындағы инфляциямен күресу үшін мөлшерлемелерді төмендетуді талап ететін әдісінен бас тартты. Биылмаусым айында Түркия президенті Түркия Орталық банкінің басшысын тағы да ауыстырып, Хафиз Гайе Эрканды тағайындады. Ол Орталық банк ел экономикасы 2025 жылдан кейін тұрақталады деп күтетінін мәлімдеді.