АҚШ G-7 елдерін Ресейдің тыйым салынған активтерін Украинаға беруге үгіттеп отыр

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
АҚШ G-7 елдерін Ресейдің тыйым салынған активтерін Украинаға беруге үгіттеп отыр/ reuters, shutterstock және freepik

АҚШ Еуропа елдерін тыйым салынған Ресей активтерін Украинаға көмек ретінде қолдануға келіссөздер бастап кеткен.

New York Times ақпаратына сәйкес, АҚШ 2024 жылдың 24 ақпанына дейін тыйым салынған Ресей активтерін пайдалану стратегиясын енгізгісі келеді. Стратегияда қаражатты Ресейге қарсы соғыс үшін Украинаға әскери көмек ретінде пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. 

АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі еуропалық одақтастарымен Ресей Орталық банкінің тыйым салынған активтерін (шамамен 300 млрд доллар) пайдалану туралы келіссөздерді бастап кеткен.

Байден әкімшілігі Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Канада және Жапония (бұл елдер G7 құрамына кіреді)  елдерімен келісімге келіп, АҚШ Конгресінен рұқсат алуды көздеген. NYT Конгресте бұл келісімге оң баға беретіндердің артып келе жатқанын жазған.

Соңғы аптада Ақ үй, АҚШ Орталық банк өкілдері,  АҚШ Қаржы министрлігі, дипломаттар және заңгерлер арасындағы келіссөздер жиілей түскен.  АҚШ билігі G7 елдеріне қаржыны пайдалану мәселесін соғыс басталғанына 2 жыл толғанға (2024 жылдың 24 ақпанына) дейін  шешуді ұсынған. 

Әзірге қаражаттың нақты қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз. Украина қаржыны тікелей алуы немесе ел экономикасын қолдау үшін жұмсалуы, тіпті қару-жарақ алуға көмек ретінде пайдалану мәселелері қаралып жатыр. АҚШ Конгресі Украинаға қарулы көмек пакетін келісе алмағаннан кейін, Ресей активтерін қолдану мәселесі айрықша назарға ие болған.

Қарашада АҚШ президенті Джо Байден үкіметті уақытша қаржыландыруға арналған заң жобасына қол қойған. Алайда Ақ үйдің Израиль мен Украинаға әскери көмек көрсетуге $106 млрд бөлу туралы ұсынысы кірмей қалған. Бұған қоса, палестиналықтарға гуманитарлық көмек көрсетуде қарастырылмаған.

Айта кетейік, осыған дейін АҚШ өкілдер палатасы аталмыш заң жобасында Украинаға емес, тек Израильге көмектесуді көздеп, жобаны қабылдағанын жазғанбыз. Алайда конгресс пен президент Джо Байденнің жобаға қарсылық білдіріп, оған вето қоюға мүдделі екенін хабарлағанбыз.

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады. Осы күнге дейін АҚШ пен Еуропа одағы Украинаға қаржылай және әскери көмек көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз