Қазақстандық журналистер кибершабуылдармен күрес жолдарын талқылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандық журналистер кибершабуылдармен күрес жолдарын талқылады / kursiv.media

Қазақстандық журналистер Kursiv.Media алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына жасалып жатқан кибершабуылдарға қарсы бірлескен жұмыс тобын құрып, мәселеге халықаралық құқық қорғау ұйымдарының назарын аудару мәселесін талқылады.

Алматыда өткен «БАҚ-тың ақпараттық қауіпсіздігі: журналистиканы хакерлерден қалай қорғауға болады» дөңгелек үстеліне кибершабуылдарға тап болған редакция өкілдері техникалық мамандар қатысты.

«Қазақстанның Интернет қауымдастығының» ЗТБ президенті Шавкат Сабиров / kursiv.media

«Қазақстанның Интернет қауымдастығының» ЗТБ президенті Шавкат Сабиров мәселенің өзектілігі артып келе жатқанын ескеріп, БАҚ өкілдері ғана емес, мемлекеттік органдар, инфрақұрылымдық ұйымдар мен мемлекеттік сайттардың жаппай шабуылға ұшырағанын айтты. Ол техникалық қауіпсіздік пен жаппай сұраныстарды бұғаттау мәселесін инфрақұрылымдық деңгейде шешу керек екенін атап өтті.

«Әділ сөз» қорының атқарушы директоры Мадина Әлімханова БАҚ-қа кибершабуылдардың көбейіп келе жатқанын айтып, «мәселенің өзектілігі артып келе жатқанын айтты. Ол БАҚ-қа кибершабуыл жасауды «қоғам үшін қауіпті әрекет» ретінде бағалауға шақырды.

«Әділ сөз» қорының атқарушы директоры Мадина Әлімханова / kursiv.media

БАҚ өкілдері кибершабуылдарға қарсы тұру үшін жұмыс тобын құрып, мәселені қоғам назарында ұстау керек екенін айтты. Олар алдымен  қазақстандық БАҚ-қа жасалған шабуылдардың уақыты мен ретін тізіп шығуға келісті.

Мамандар шабуылдардың ауқымын көрсету арқылы мәселеге қоғам мен биліктің назарын аударуға болатынын айтады.

Екінші жағынан, ақпарат құралдарына қай уақытта шабуыл жасалғанын анықтау арқылы шабуылға тапсырыс берушінің анықтау мүмкіндігі барын айтады. Яғни бір мезетте шабуыл жасалған болса, сол уақытқа дейін ақпарат көздерінде қандай ұқсас материалдар жарияланғанын көріп, олардың қандай компанияларға немесе азаматтарға қатысты болғанын анықтау арқылы күдіктілер тізімін жасауға болады.

Protenge жобасының авторы Жәмиля Маричева / kursiv.media

Әлеуметтік желілердегі БАҚ аккаунттарын бұғаттау немесе өшіріп тастау кезінде оны қайтарып алу мәселелері де талқыланды. Мамандар Instagram мен Facebook желілерінің иесі Meta компаниясына тікелей шығудың жолдарын қарастырды. Protenge жобасының авторы Жәмиля Маричева жобаның Instagram парақшасы бұғатталғанда Meta компаниясымен тікелей байланысуға халықаралық құқық қорғаушылар көмектескенін айтты. Және шетелдік құқық қорғаушылар көзіне түсу үшін бірлесіп өтініш жазуды ұсынды.

Kursiv.Media бас редакторы Мира Халина / kursiv.media

Kursiv.Media бас редакторы қазақстандық БАҚ өкілдерін кибершабуыл фактілерін жасырмай, жұмыс тобына қосылуға шақырды. Оған қоса, журналистер әртүрлі редакциялардағы IT-мамандарды өзара байланыстыруды қолға алмақ.  IT-мамандар кибершабуыл кезінде өзара байланысып, ақпарат алмасып, техникалық жағынан ақыл-кеңес бере алатыны сөз болды.

Kursiv.Media басылымына жасалған шабуылдар жаңа деңгейге көтеріліп, бірнеше күнде басылымның telegram-арнасына 90 мыңға жуық жалған аккаунттар (боттар) қосылған.

Осыған дейін 6-11 желтоқсан аралығында Kursiv.Media сайтының серверлері DDOS шабуылға ұшырап, 1,3 миллиардтан астам өтініш тіркелген. Осының әсерінен Kursiv.Media сайты ашылмай қалған еді. Басылымның IT-департаменті мен қауіпсіздік қызметінің жедел және тиімді әрекеттерінің нәтижесінде сайтқа келген зардаптар аса қатерлі болмады. Сондай-ақ, корпоративтік поштаны бұзу әрекеттерімен, басылым қызметкерлеріне жалған мекенжайлардан хат жіберу фактілері болды. Дәл қазір Kursiv Instagram аккаунты бұғатталған.

Сондай-ақ оқыңыз