Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин тәуелсіздікті мойындау және елдің ішкі саясатына араласпау негізінде бекітілген екі ел арасындағы серіктестікке қатысты сұхбат берді. Ол Тоқаев пен Путин арасында «шынайы достық қарым-қатынас» орнағанын айтты.
Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Известия» басылымына берген сұхбатта екі елдің қарым-қатынасы туралы айтты. Ол Ресей президенті Владимир Путиннің жақында Астанаға келген сапарын «тарихи сапар» деп атады.
«Бұған саммит қорытындысы бойынша тараптар қол қойған құжаттар дәлел бола алады. Ең бастысы – Ресей мен Қазақстан арасында ХХІ ғасырда тату көрші және одақтастық байланыс туралы 2024-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын атап өтуге болады», – деді Бородавкин.
Елші Ресей «екі ел арасындағы бауырластық байланысты нығайтуға» жұмыс істейтінін айтты. Оның айтуынша, Мәскеу мен Астана өзара сыйластық, аумақтық тұтастықты мойындау және ішкі саясатқа араласпау қағидаттарын сақтай отырып, тең серіктеске айналған.
«Ресей Қазақстанды «одақтас қана емес, ең жақын одақтас» деп санайды. Біздің мемлекеттеріміздің басшылары арасында Ресей мен Қазақстан одақтастығын нығайтатын «шынайы достық қарым-қатынас» қалыптасты. Бұл сапар осы байланысты одан әрі ұлғайтуға жол ашып қана қоймай, біздің бәсекелестерімізге Астана мен Мәскеу арасындағы байланысты үзудің мүмкін емес екенін көрсетеді», – деп атап өтті елші.
9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесу барысында ол Өңіраралық форумға қатысқан.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Ресейге бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынған. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысатын болады.
Осы жиында жалпы құны $83 млн болатын 9 аймақты және коммерциялық келісімге қол қойылды.
Форум қорытындысы бойынша екі ел кәсіпкерлері «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдері зауытын салу, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көтергіш жабдықтар өндіру, Қостанай облысында сүтті өнеркәсіптік салқындатуға арналған жабдықтар өндіру бойынша келісімге келді.
Сондай-ақ, Павлодар және Омбы, Маңғыстау және Астрахан, Батыс Қазақстан және Орынбор, Қостанай және Орынбор облыстары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда байланыс орнатуы туралы құжаттарға қол қойды.
20 желтоқсанда Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу өткізгені белгілі болды. Ақпаратты Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растаған. Кездесуде қандай мәселе талқыланғаны туралы ақпарат жоқ.