Чехияда туған әкесі мен 14 адамды өлтірген студенттің психологиялық ауытқушылығы болуы мүмкін
Фото: shutterstock.com
Прага қаласындағы Карлов университетінің философия факультетінде болған атыстың салдарынан 14 адам қайтыс болып, 25 адам түрлі жарақат алды. Қайғылы оқиғаға байланысты Чех Республикасында 2023 жылғы 22 желтоқсан аза тұту күні деп жарияланды.
21 желтоқсанда 24 жасар студент Дэвид Козак өз үйінде әкесін өлтірген. Осыдан соң университетке келіп, жазықсыз жандарға оқ жаудырған.
Чех полициясының басшысы Мартин Вондрашектің айтуынша, полиция қылмыскерге қарсы қару қолданған. Қылмыскер өз-өзіне қол жұмсаған. Қанды қасап жасаған студенттің бірнеше атыс қаруын заң бойынша иелену құқығы болған.
Мартин Вондрашек студенттің психологиялық ауытқушылығы болуы ықтимал деп болжады. Өйткені қылмыскердің әлеуметтік желіден кісі өлтіруді жоспарлап жүргені жайлы жазбасы табылған.
Чехия Ішкі істер министрі Вит Ракушан журналистерге берген сұхбатында: «Бұл қылмыстың халықаралық терроризмге қатысы жоқ», – деп мәлімдеді.
Чех полициясы университетте адам өлтірген студенттің 15 желтоқсанда кісі қолынан мерт болға 32 жасар ер адам мен оның 2 айлық қызының өліміне қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.