Астана әкімдігі қар күреуден үнемделген 2 млрд теңгені қайда жұмсайды?
Бас шаһардың басшысы Жеңіс Қасымбек биыл елордаға қар кеш жауғанын, коммуналдық қызмет қар күреу ісіне таяуда ғана кіріскенін, қала бюджеті қыруар қаржы үнемдегенін мәлімдеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист қала басшысынан: «қар күреуден қанша теңге үнемдедіңіздер, қаражатты қайда жұмсайсыздар?» – деп сұрады.
Әкім қардың кеш жауғаны мен тез еріп кеткені қазына қаржысын үнемдеуге мүмкіндік бергенін баяндап: «Биыл Астанаға қар 1,5 ай кешігіп жауды. Нәтижесінде 2 млрд теңге үнемделді. Қалада шешімін таппаған мәселе көп. Мысалы мектеп, балабақша. Үнемделген қаражатты әлеуметтік салаға жұмсаймыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Бұған дейін Астана қаласының әкімі Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған Comfort Hotel Astana қонақүй кешеніне қатысты сұраққа жауап берді.
Жеңіс Қасымбек кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың мемлекет меншігіне өткізген Comfort Hotel Astana қонақ үй кешені қызметін жалғастыра беруі мүмкін екенін мәлімдеді.
«Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін қаланың муниципалдық меншігіне өткізу үдерісі жалғасып жатыр. Осы шаруа шешілгеннен кейін келесі қадамға көшеміз. Қалада Comfort Hotel Astana 3+ жұлдыз санатындағы қонақ үй кешені жетіспейді. Сондықтан қонақ үй кешені бұған дейінгі қызметін сақтайтын шығар. Мектепке дейінгі және басқа да мекемелерге, оның ішінде әлеуметтік және оңалту орталықтарына қатысты өзге жоспарымыз бар. Әзірше бұл нысанды әлеуметтік қажеттілікке бейімдеу қарастырылып жатқан жоқ», – деді Астана қаласының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.