Геосаяси жағдай өзгермесе алдағы жылы доллар бағамы 480-500 теңге аралығында болуы мүмкін

Жарияланды
kursiv.media

Доллар бағамы біршама ауытқығанымен, 2023 жыл біздің төл валютамыз үшін жалпы алғанда жағымды болды. Бұл туралы танымал сарапшы, DAMU Capital Management компаниясының бас директоры Мұрат Қастаев kursiv.kz оқырмандары үшін жасаған 2023 жылдың экономикалық оқиғаларына шолуында айтты.

Санкциядан сақтады

Былтыр Украинада соғыс басталғаннан кейін, Ресейге қарсы батыс елдерінің санкциялары салына бастады. Бұл Қазақстан экономикасы мен валютасына ықпал етті. Осы жылдың басында Ресейдің мұнайы мен газының экспортына қарсы бағытталған аса ауыр санкциялар енгізіле бастады. Ал Қазақстанның мұнай экспортының 90 пайызына жуығы Ресей құбырлары мен теңіз порттары арқылы нарыққа шығатындықтан, олардың да Батыс елдерінің санкцияларына ілігуі мүмкіндігі артты. Мұндай жағдай орын алса, Қазақстан экономикасына өте ауыр соққы болар еді. Алайда жағымсыз сценарий жүзеге асқан жоқ.

Мұнайға байланысты жоспар толық орындалмауы мүмкін, бірақ қауіп жоқ

Қазақстанның мұнай экспорты жазда бірнеше рет тоқтады. Бірақ та оған сыртқы факторлар немесе Ресей ықпал еткен жоқ. Бұл – еліміздің батыс өңіріндегі электр энергиясының өшуі салдарынан болған жағдай. Сол себепті осы жылға қойылған мақсат – 90,5 млн тонна мұнай өндіру – толық жүзеге аспауы мүмкін. Алайда экономикамызға мұның ықпалы қатты сезіле қоймасы анық. Себебі биыл Қазақстан үшін «қара алтын» бағасы 80-90 АҚШ доллары арасындағы дәлізде болғаны қолайлы. Ал күзде мұнай бағасы 90 АҚШ доллардан асып түскені де есімізде. Біздің мемлекеттік бюджет мұнай бағасы барреліне 85 доллар көрсеткіші негізінде жоспарланғандықтан, бюджет кірістері тұрақты болды деп сенімді түрде айтуға болады. Мемлекеттің барлық шығындарына ақша жеткілікті және Ұлттық қордың көлемі (одан трансферттер ұлғайса да) азайған жоқ. Сонымен қатар Қазақстанның елеулі алтын-валюта қорлары бар. Ол халықаралық рейтингтік агенттіктерінің Қазақстанның тәуелсіз несие рейтингін көтеруге себепші болды.

Инфляция – жылдың ең үлкен мәселесі

Экономикалық тұрғыдан жылдың ең үлкен проблемасы – инфляциялық көрсеткіштер. Оны тежеу мақсатында Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстады және бұл теңгеге қолдау болды. Жылдың аяғына қарай инфляция қарқыны бәсеңдей бастаған соң, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендете бастады. Ал қараша айынан бастап, реттеуші мемлекеттік бюджет дефицитін жабу үшін Ұлттық қордан долларды сата бастады. Сондай-ақ,  «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін қосымша доллар сатты. Соның нәтижесінде биржаға доллар ірі көлемде «ағыла» бастады және бұл теңгенің нығаюына септігін тигізді. Соңғы апталарда көріп отырғанымыздай, жалпы әлемдегі жағдай еш жақсы жаққа өзгермесе де, теңге едәуір күшейді. Бұған нарықтық себеп жоқ деп санаймын, жалғыз себеп ретінде сол Ұлттық банктің долларды сатып, сол арқылы теңгеге қолдау көрсетіп отыр деп ойлаймын.

Келер жылы теңгенің жағдайы қалай болады, доллар бағамы өзгере ме?

2024 жылы теңгеге әсер ететін факторлар аса өзгермейді. Ол факторларды сыртқы және ішкі деп бөлеміз. Алдымен сыртқы факторларды шолып шығайық.

Біріншіден, мұнай бағасы. «Қара алтынның» бағасы сұраныс пен ұсынысқа байланысты болған соң, оның екі жағынан да әсері болады. Шикізатқа деген сұраныс әлемдік экономиканың өсу қарқынына байланысты. Келесі жылы АҚШ-та рецессия болады ма, Қытайда дефляция орын алады ма, әлемдегі геосаяси жағдай қандай болады – мұнай бағасы соған байланысты қалыптасады. Ұсыныс жағын қарағанда, ОПЕК+ елдері қазіргі мұнай өндіру көлемдерін азайтады ма, ұлғайтады ма – сол нарыққа әсер етеді. Геосаяси жағдайдың ушығуы, әсіресе, мұнай шығаратын аймақтардағы шиеленіс, бағалардың өсуіне алып келеді. Керісінше, болып жатқан әскери қақтығыстар мен соғыстар бәсеңдесе, онда мұнай бағасы да төмендейді.

Екінші сыртқы фактор –  әлемдік орталық банктерінің, әсіресе, АҚШ Федералдық қор жүйесінің пайыздық саясаты. АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме төмендей бастаса, ол америкалық доллардың «әлсіреуіне» себеп болады, нәтижесінде шикізат бағалары мен дамушы елдердің валюталары күшейе бастайды. Керісінше, АҚШ-та пайыздық мөлшерлемелер қазіргі жоғары деңгейде қала берсе, онда АҚШ бүкіл әлемнің капиталдарын өзіне тартып отырады және доллар қымбат қалпынада қала береді.

Үшінші сыртқы фактор – Қазақстанның геосаяси жағдайы, АҚШ пен Еуропа санкцияларына ілікпеуі, Ресеймен қарым-қатынас және Ресей арқылы экспортқа шығатын мұнай жолдарының тұрақты жұмыс істеуі. Геосаяси тұрғыдан кез келген соққы Қазақстан экономикасынан капиталдардың кетуіне себеп болады және теңгемізді әлсіретеді.

Ішкі факторларға келетін болсақ, мұнда ең маңыздысы – инфляция деңгейі. Инфляция төмендеген сайын Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендете бастайды. Бұл теңгемен есептелетін активтердің тиімділігін төмендетіп, табысын азайтады, нәтижесінде ондай активтердің бағасы арзандайды, ал теңге құнсызданады. Керісінше, инфляция жоғары болып тұрса, онда жоғары базалық мөлшерлеме теңгеге қолдау көрсетіп тұрады. Екінші фактор – жалпы еліміздің экономикасының жағдайы және өсу қарқыны. Үшінші-төртінші-бесінші факторға Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің дефициті мен төлем балансының жағдайын және ішкі саяси тұрақтылықты жатқызатын едім.

Әрине, бұл факторлардан басқа да бірнеше факторлар бар, мен тек ең ірі және маңыздыларын атап өттім. Өз кезегінде, әр факторды жеке қарасақ, олар да ондаған кішігірім бөлшектерден тұрады. Сондықтан, теңгенің келесі жылдағы жағдайы өте көп өзара байланысты құбылыстар мен процестерге тәуелді болады.

2024 жылы доллар бағамы 480-500 теңге аралығында болмақ

Доллар бойынша келесі жылға болжам – америкалық валюта 480-500 теңге аралығындағы дәлізде өзгеріп отырады. Бұл болжам әлемдегі жағдай қазіргідей бірқалыпты болса ғана жүзеге асады. Әлемдік саясат пен экономикадағы жағдай күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп отыруы мүмкін, сондықтан ұзақ мерзімді болжам құрудың еш пайдасы жоқ. Қазір жасалып отырған болжам бір сағаттан кейін өз өзегі мен құнын жоғалтуы мүмкін. Ұзақ мерзімде теңгенің күшін белгілейтін жалғыз фактор – ол Қазақстан экономикасының күші. Егер экономикамызды дамытып, әртараптандырып, күшейтіп отырсақ, экономикалық қарқынды тежеп отыратын саяси реформаларды жүзеге асырсақ, онда сыртқы факторлардың әсері азайып, теңгенің күші мен құнына өзіміз әсер етіп отырамыз.

Сондай-ақ оқыңыз