720 млн теңге салықтан жалтарған қазақстандық Камеруннан экстрадицияланды – Бас прокуратура
Халықаралық іздеуде жүрген азамат Камеруннан экстрадицияланды / Фото: Бас прокуратура
720 млн теңге салықтан жалтарған Қазақстан азаматы Камеруннан экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокуратура.
«Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ-нің Интерпол қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Камерундағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулының көмегімен аталған африкалық елден Қазақстан азаматын экстрадициялады»,- делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл азамат 2017-2019 жылдар аралығында жалған счет-фактуралар пайдаланып, 720 млн теңге сома салықтар төлеуден жалтарған деп күдіктеледі. Бұл қылмыстан кейін тергеуден жасырыну мақсатында, шетелге қашып кеткен. Күдіктіге Қазақстан тарапы халықаралық іздеу жариялаған.
Бас прокуратураның хабарлауынша осы жылдың маусым айында ол Камерун Республикасының аумағында ұсталған. Қазақстанның Бас прокуратурасы бұл елден оны беру туралы сұрау жолдаған. Қазақстан мен Камерун арасында ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, Камерун тарабы ол сұрауды қанағаттандырған.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынған. Мұндай сипаттағы қылмыс жасағандарға 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Еске сала кетсек, 23 қарашада Қазақстанда алаяқтық жасаған күдікті Латвиядан экстрадицияланды. Бас прокуратураның хабарлауынша, 2016 жылы күдікті өзіне тиесілі емес пәтерді сатқан топ құрамында болған. Ол пәтерді сатып алушыға 12 млн теңге залал келтірді деген күдікке ілініп отыр.
Осыған дейін салымшыларды 1,2 млрд теңге шығынға батырып, Украинада жасырынып жүрген «LIDER» қаржы пирамидасының басшысы елге қайтарылғанын хабарлаған едік.
Ал 22 қараша бас прокуратура қаржы пирамидасын құрды деген күдіктіні Грузия аумағында ұсталғанын хабарлады. Оны елге қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тергеу ісіне сәйкес, аталмыш қаржы пирамидасы қазақстандықтарға 3,6 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Қылмыстық іс бойынша 600-ден астам жәбірленуші бар.