2023 жылы «Air Astana» 226 рейсін «Fly Arystan» бортына ауыстырған – Көлік министрлігі мұндай тәжірибені азайтуды тапсырды

Жарияланды (жаңартылды )
"Air Astana"

«Air Astana» әуекомпаниясы әуе кемелерінің санын 1-ден 2-ге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс / Фото: kursiv.media

«Air Astana» әуекомпаниясы жолаушыларға хабарламай, әуе кемелерін «Fly Arystan» борттарына ауыстыру тәжірибесіне көп қолдана бастаған. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев «Air Astana» АҚ-мен жұмыс кеңесін өткізіп, мұндай тәжрибені азайтуды тапсырды.

Мәселен, 2023 жылдың өткен кезеңінде «Air Astana» әуе компаниясы 31 588 рейс орындаған. Оның ішінде 226 рейсте «Air Astana» әуекомпаниясының әуе кемелері «Fly Arystan» әуе кемелеріне ауыстырылған. Бұл орындалған рейстердің жалпы санының 0,7%-ын құрайды.

Кеңес нәтижесінде «Air Astana» әуекомпаниясына:

  • «Air Astana» әуе кемелерін «Fly Arystan» әуе кемелеріне ауыстыру практикасын барынша азайту жөнінде шаралар қабылдау;
  • әуе кемелерін ауыстырған жағдайда жолаушыларды алдын ала хабардар ету бойынша жұмысты орнату және қамтамасыз ету;
  • әуе кемені ауыстырған жағдайда жолаушыларға өтемақы төлеу тәртібі бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  • «Air Astana» резервтік әуе кемелерінің санын 1-ден 2-ге дейін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі өз кезегінде рейс мәртебесі өзгерген кезде жолаушылар құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізеді. Егер бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қабылдайтынын ескертті.

Желтоқсан айының басында әуе компаниясына билет бағасын көтергені үшін 900 миллион теңге айыппұл салынғаны белгілі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі прокуратура органдарымен бірлесіп Air Astana әуе компаниясын тексерген

Тексеріс кезінде ұшақ билеттерін ұшу күні немесе таяу күндерде сатып алған кезде Air Astana әуекомпаниясы жолаушылардың барлық санаттынан 3500-ден 6500 теңгеге дейінгі мөлшерде жанармай алымын негізсіз алып, оны қолданудың мақсаты мен қағидатын іс жүзінде өз қалауынша реттегені анықталды.

Сонымен қатар, әуекомпаниясы ішкі рейстердің бағасын 2024 жылдың соңына дейін көтермеуге міндеттелді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жанармай алымын алуды тоқтатуды көздейтін заңнамаға түзету енгізілуі мүмкін.

«Эйр Астана» акцияларын келесі жылы IPO-ға шығару жоспарланған. «Эйр Астана» IPO-ға шығады деп жүргелі біраз жыл болды. 2020 жылы қор нарығына шығуы тиіс еді, кейін 2 жылға шегеріліп, сосын IPO 2023 жылы өтеді делінді.

Сондай-ақ оқыңыз