Жаңалықтар

Киноорталық қолдауымен 17,5 млрд теңгеге 100 туынды түсірілген

Киноорталық

Киноорталық қолдауымен түсірілген 47 фильм прокатқа шығады / Фото: kursiv.media

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» (ҰКҚМО) 2019 жылы құрылған сәттен бастап жалпы сомасы 17,4 млрд теңгеге 100-ден астам киножобаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген. Бұл жайды ҰКҚМО баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл фильмдердің ішінде 47 толықметражды фильм, 25 деректі фильм, 24 қысқаметражды фильм және 10 анимациялық фильм бар. 18 толықметражды фильм прокатқа шықты. Тек 47 жоба кинотеатрлардан көрсетіледі, оның 18-і шықты, қалғаны шығуға дайын»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Қазірдің өзінде киноорталықта 30-ға жуық толықметражды фильмнің өндірісі аяқталып, прокатқа шығуға дайындалып жатыр. Олардың басым бөлігі 2024 жылы көрерменге жол тартады.

Ал прокатқа шығарылмайтын деректі, қысқаметражды және анимациялық кинолар тек фестивальдерге ұсынылып, теледидардан көрсетілмек.

Еске сала кетсек, 12 мамыр күні киногерлер Ұлттық кинематографияны қолдау жөніндегі мемлекеттік орталығының (ҰКМҚО) байқауға қатысатын фильмдерді іріктеуден әділетсіз өткізетінін айтып, наразылық шарасын өткізген. 

Киногерлер 2019 жылы қабылданған «Кино туралы заңға» көңілі толмайтынын жеткізді. Олар ол құжатта сыбайлас жемқорлық жүйесін құруға жол беретін тұстардың бар екенін айтты. Заңда белгіленген шарттарға сәйкес ҰКМҚО питчинг кезінде қатысушыларды еш себепсіз байқауға қатыстармай қоюға құқылы екен. Кино мамандары бұл заңға сәйкес, іріктеуден тек Мәдениет министрлігіне қарасты жобаларының өтуіне жағдай жасалатынын айтады. Осының салдарынан 2023 жылы 153 жоба (бұл жалпы өтініштердің 55%-ы) іріктеуге өткізілмеген.

17 мамыр күні киногерлер баспасөз маслихатын өткізіп, өздерінің қудаланып жатқанын, заңсыз митингке шыққаны үшін айыппұл салынғанын мәлімдеген.

Ал, 25 мамыр күні экс-министр Асхат Оралов Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының әділетсіздігін айтып, митингке шыққан киногерлердің мәселесін шешу үшін министрлік жанынан тәуелсіз комиссия құрылатынын мәлім еткен болатын.

Шілде айында орталықтың басшысы ауысып, бұл қызметке 31-арнаны басқарған Құрманбек Жұмағали келді. Ал 9 тамызда киногерлер шағымынан кейін ҰКҚМО іріктеу конкурсының қайта жарияланатыны белгілі болды.