Астанадағы «Хан шатыр» сауда орталығы өртенді
«Хан шатыр» ойын-сауық орталығындағы өрт 66 адам мен 14 техника көмегімен сөндірілді / Фото: Астана ТЖД
Астана қаласында «Хан шатыр» сауда орталығында өрт болды. Бұл жайлы Астана Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Астана ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша сағат 14:00-де сауда орталығында өрт басталғаны туралы хабарлама келіп түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері жедел әрекет етіп, өрт орнына 5 минутта жеткен.
«Өрт сөндірушілер келген кезде артқы кіреберістен қою қара түтін шығып жатқаны анықталды. 10 киловаттық жеке трансформаторлық қосалқы станция мен бірінші қабаттағы кабель оқпаны жанған. Өрттің таралу қаупі жоқ. Құрбандар мен жарақат алғандар жоқ», – делінген қалалық ТЖД хабарламасында.
Ғимаратты көк түтін басқан себепті, сауда орталығынан адамдарды эвакуациялау шаралары жүргізілген.
Өртті сөндіруге 66 өрт сөндіруші, 14 техника жұмылдырылған.
Еске сала кетсек, осыған дейін Алматыда хостелде өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнынан 13 адамның мәйітін алып шықты. Төтенше жағдайлар министрілігі олардың көміртек газдан тұншығып қаза болғаны жайлы хабарлады.
Кейін бұл хостелдің заңсыз орналасқаны белгілі болды. ҚР-дағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сай үй-жайларды қайта жабдықтау кезінде рұқсат құжаттарын алу керек. Оның үстіне Алматының қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы қайта жабдықтауға арналған бастапқы рұқсат құжаттарын (АПЗ, шешім) бермеген. Дүкеннен хостелге функционалдық мақсаты өзгерген. Бірақ сол кезде санитарлық-эпидемиологиялық, құрылыс талаптары мен өрт қауіпсіздігі ережелерін орындауы қажет болған.
Алматы әкімдігі ғимараттың Халық банкке тиесілі болғанын хабарладды. Кепілдегі ғимаратты банк жалға берген. Ғимаратты банк бұрын қарыз өтемеген бұрынғы қожайындарынан алып қойған. Бұдан бөлек, хостелдің Алматыдағы жоғарғы оқу орындарымен студенттерді орналастыру туралы келісімге келмегені жазылған.