Шетелдегі террорлық ұйымға қосылуды көздеген: Алматы әуежайында радикалды діни ағым өкілі ұсталды
22 желтоқсан күні Алматы әуежайынан радикалды діни ағым өкілі ұсталды. Бұл жайлы ҰҚК-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«2023 жылғы 22 желтоқсанда ҰҚК Алматы қаласының әуежайында шетелдік террористік орталықтарға шығуды жоспарлаған Қазақстан азаматын ұстады. Ол елімізден ұшып кетуді көздеген»,- делінген хабарламада.
ҰҚК-нің хабарлауынша, бұрын ол ұрлық, зорлау фактісі бойынша және кісі өлтіргені үшін сотталған болып шықты.
Бостандыққа шыққаннан кейін радикалды идеологияның ықпалына түсіп, террористік топтардың құрамына қосылу үшін Сириядағы соғыс аймағына бару туралы шешім қабылдаған.
Сондай-ақ ол террористік әрекеттерді қаржыландырды деп күдіктелуде.
Қылмыстық кодекстің 258-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Смағұлов мәжіліс депутаттары жолдаған «Теріс діни ағымдарға және діни қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты» пікір білдірген болатын. Ол әзірге нақты заң болмағандықтан ҰҚК мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Ол 2018-2022 жылдарға арналған бағдарлама аясында 18 зорлық-зомбылық акциясының алдын алғанын айтты
Айта кетейік, бірқатар мәжіліс депутаттарының сауалдарынан кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Дін туралы» заңға өзгеріс енгізуге қатысты пікір білдіріп, аталмыш заң қайта қаралатынын айтқан.
Ал 2022 жылы ҰҚК 2 террорлық актінің алдын алған. Сонымен бірге Экстремистік әрекеттерге қатысқан және терроризмді насихаттаған 42 адам ұсталған. ҰҚК полициямен бірлесіп, бірқатар аса қауіпті қылмыстық топты құрықтады, бандиттік ұйымдардың 22 мүшесі тұтқындалды. Нәтижесінде 700-ге жуық қару-жарақ, 54 граната, 17 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Жарты жылдың ішінде елімізде 15 есірткі лабораториясы, 23 халықаралық және 40 аймақтық есірткі каналдары жойылды, 3 есірткі плантациясы әшкереленді. Шетелдік серіктестермен бірлесіп, халықаралық есірткі тасымалына қарсы күрес аясында 14 халықаралық арнайы операция жүзеге асырылды