Алаяқтар ҚР Премьер-Министрінің атынан жалған мәлімдеме таратуда

Жарияланды
Фото: t.me/KZgovernment

Әлеуметтік желілерде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шеккендерге төленетін өтемақылар туралы айтқан видео таратылуда. Бұл фейк. Бұл туралы stop.kz сайты хабарлады.

«Видеода Қазақстанда «ұрланған қаражатты қайтару және өтеу жөніндегі» комитет құрылғаны айтылады. Бұл – жалған. Елімізде мұндай комитет жоқ және болған емес. Алаяқтар аталған жарнаманы алданған адамдарға көмектесеміз деп таратып жатыр. Алайда кейін ақшаны «қайтару» қызметтері туралы жазылған сайтқа өтуді ұсынады. Нәтижесінде, алақол инвесторлар иемденген ақшаны қайтару үшін тағы да ақша төлеу керек болады.Осылайша алаяқтарға бір кездері алданған адамдар тағы да құрыққа түседі», – делінген хабарламада.

Мұндай хабарландырулар Қазақстанда және Ресейде бұған дейін де тараған болатын. Ол кезде қаржы пирамидаларынан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеу туралы айтылған еді.

«Естеріңізге сала кетейік, ақшадан айырылып, кибер-қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін күмәнді сілтемелер бойынша өтпеңіздер және үшінші тарап ресурстарында жеке және банктік деректерді жазып, қалдырмаңыз. Тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне ғана сеніңіздер»-делінген хабарламада,

Еске сала кетер болсақ, Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және Моңғолиядағы Kaspersky зертханасының баспасөз қызметі 2023 жылы Қазақстандағы қолданушылардың үштен біріне жуығы телефон алаяқтығына тап болғаны жайлы хабарлаған болатын.

Kaspersky зертханасының хабарлауынша, жыл өткен сайын мұндай қоңыраулардың саны артып келеді. Егер осы жылдың бірінші жартыжылдығында 74,7%-ы спамға тап болса, екінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 85,8%-ға жеткен. Жыл аяғына қарай алаяқтар белсінді бола бастаған. Олар қоңырау шалған пайдаланушылар үлесі 23,2%-дан 42%-ға дейін өскен.

Сондай-ақ оқыңыз