Ақтаудың жеті шағын ауданында жылу және ыстық су өшірілді
Ақтаудың жеті шағын ауданында жылу желілерінің жарылуы салдарынан жылу мен ыстық су уақытша сөндірілді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Апат орнында мамандар жұмыс істейді.
Не болды. Ақтаудың бірнеше шағын аудандарында жылу және ыстық су уақытша өшірілді.
«Каспий жылу, су арнасы» МКК: жылу желісіндегі ақауға байланысты қаланың бірқатар шағын ауданында ыстық су және жылуға уақытша шектеу қойылды. Ақтауда 16 шағын аудандағы жылу желісінде орын алған ақауға байланысты 16, 17, 18, 19, 20, 20А ш/а кейбір үйлерге жылу мен ыстық суға уақытша шектеу қойылды», – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жылу желісіндегі ақау шыққан жерде «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыстарды Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев өз қадағалауына алды.
12 желтоқсанда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев еліміздің бірқатар жылу орталығында болған оқыс жағдайдың себебін түсіндіріп, Теміртау, Екібастұз, Риддер қалаларының жылусыз қалуы апат емес, технологиялық ақаудың салдары деп мәлімдеген.
«Өткен аптадан бастап Қазақстанға суық атмосфералық ауаның кіруімен энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау байқалды. Энергетика министрлігінің құзыреті шеңберінде технологиялық ақау Теміртау қаласындағы Bassel Group LLS ЖШС және Екібастұз ЖЭО Риддер ЖЭО, ГРЭС-1-де ғана тіркелді. Бұл нысандарда температура режимі толық көлемде қалпына келтірілді. Технологиялық ақаудың сипатына қарасақ, аталған жағдайдың ешқайсысы апатқа жатпайды», – деген Үкімет отырысында Алмасадам Сәтқалиев.
Естеріңізге салайық, 8 желтоқсанда Степногорск қаласы жартылай жылусыз қалды. Бұған жылу құбырының жарылуы себеп болды. 9 желтоқсанда Балқаш қаласында Абай және Әбдіғалиев көшелерінде диаметрі 630 мм жылу желісінің құбырына зақым келді. 10 желтоқсанға қараған түні Екібастұз жылу электр орталығының күл шығару құбыры бекітіліп қалды. Салдарынан су жылыту қазандықтарының екінші цехында багер сорғысын су басты. 19 желтоқсанда Жезқазғанда бірден 3 жылыту қазандығы істен шығып,Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов қаладағы ЖЭО қазандықтардың апаттық тоқтап қалуына қатысты түсініктеме берді.