15 жастағы шахматшы Алдияр Аңсат рекорд жаңартты

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:kazchess.kz

Астанада 13-23 желтоқсан аралығында шахматтан Қазақстан чемпионаты өтті. Жеңімпазды анықтау үшін 13 тур жеткіліксіз болды. Себебі Қазақстан чемпионатында 5 ойыншы бірдей ұпай жинаған.

Ережеге сәйкес, Алдияр Аңсат, Арыстанбек Оразаев, Денис Махнев, Әлішер Сүлейменов және Әбілмансұр Әбділхайыр арасындағы жеңімпазды анықтау үшін шахматшылар қосымша тай-брейк ойнады.

Алғашқы екі партияда жеңіске жеткен Алдияр Аңсат көшбасшылықты сенімді түрде сақтап Қазақстан чемпионы атанды. Шахматшы 1938 жылдан бері сақталып келе жатқан 85 жыл бұрынғы рекордты жаңартты. Себебі кезінде Шамшиден Мырзағалиев 16 жасында Қазақстан чемпионы атанған еді. Ал елордалық шахматшы небәрі 15 жасында чемпион атанды.

«Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі жеңіс ойыншылар мен олардың жаттықтырушылары жасаған үлкен жұмыстың жемісі. Ең мықты мамандарды тарттық әрі күнделікті дайындықтан алынған тәжірибе де маңызды рөл атқарды. Болашақта осы спортшылар елімізді әлемдік чемпионаттарда лайықты түрде таныстыратынына сенемін», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

Екінші-үшінші орындарды Арыстанбек Оразаев (Ақтөбе) мен Денис Махнев (Павлодар) бөлісті.

Қыздар арасында жеңімпаз соңғы раундта бірақ анықталды. Ксения Балабаева турнир бойы өте жақсы ойын көрсетті. Алматылық спортшы алтын алу үшін бар күшін салды. Екінші орынды Алуа Нұрманова иеленді. Үшінші орынды бірден үш қатысушы иеленді. Олар Мәдина Дәулетбаева, Лия Құрманғалиева (Алматы) және Зейнеп Сұлтанбек (Шымкент). Ал қола медаль шахматшы М.Дәулетбаеваға (Тараз) бұйырды.

Сондай-ақ оқыңыз