Жаңа дизайндағы 5000 теңге айналымға шығады
25 желтоқсаннан бастап жаңа дизайндағы, номиналы 5 000 теңгелік банкноталар айналымға шығады. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.
Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол дәстүрлі қазақ ою – өрнегінің бастаушысы болып саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.
«Номиналы 5 000 теңге болатын жаңа банкноталар 2023 жылғы 25 желтоқсаннан бастап айналымға енеді және жыл бойы айналымдағы 2011 жылғы үлгідегі номиналы 5 000 теңге болатын ұлттық валюта банкноталарымен (бұдан әрі – ескі үлгідегі банкнота) ауыстырылады.
Яғни, ескі үлгідегі барлық банкноталар бір жылдың ішінде айналымнан біртіндеп алынатын болады. Тиісінше, банкноталар айналымда қатар жүрген уақытта халыққа ескі үлгідегі банкноталарды екінші деңгейлі банктердегі немесе ҚҰБ филиалдарындағы жаңа банкноталарға айырбастаудың қажеті жоқ. 2023 жылдың 25 желтоқсанынан 2024 жылдың 24 желтоқсанына дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноталар айналымда қатар жүріп, есеп айырысуға жарамды болып саналады«-делінген хабарламада.
Ақша белгісінің дизайны мен формасы туралы
Түсі – қызыл-қызғылт сары. Банкнотаның бет жағында:
– көкте қалықтап ұшқан құспен «Өмір ағашының» бұтағы (Есік қорғаны, б. д. д. 5-4 ғғ., Алтын адам бас киімінің бір бөлігі, табиғат пен наным байланысының қасиетті мағынасы);
– ДНҚ спиралы және адамның табиғатпен байланысын білдіретін ою-өрнекпен стильдендірілген шексіздік символы;
– жәдігер-бүркіт фигурасы түріндегі безендіру (Қорған Талды II, б.д. д. 7-6 ғғ.; бүркіт шексіз еркіндіктің, күш пен ептіліктің символы ретінде).
Еске салар болсақ, Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырды. Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.
«Жыл соңына дейін 5 мың, 10 мың, 2 мың, 1 мың теңге, 2025 жылға қарай 500 және 20 мың теңге шығады. Олардың барлығын сақтың «аң стиліне» негізделген бір ұғым біріктіреді. Тұжырымдаманы әзірлеуге бір жыл кетті. Көптеген нұсқа болды, оларды Ұлттық банк төрағасының қолдауымен мен әзірледім», – деді Санжар Нұрқасымов.
Бұған дейін Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығаратыны белгілі болған. Ол ұлттық валютаның 30 жылдығына орайластырылды.