Жаңалықтар

Банктерді сауықтыру саясаты қандай болуы керек?

банктерді

Қараша айында ҚНРДА қаржы жағдайы нашар банктерді мемлекеттің қатысуынсыз сауықтыратын жаңа үлгіге көшетінін жариялаған. Осы ретте Halyk Finance сарапшылары заңнаманы әр жерден бір өзгерткеннен гөрі, қаржы ұйымдары мәселелерін жүйелі түрде шешетін бөлек саясат керек деп тұжырымдайды.

«Заңнаманы әр жерден өзгерткенше, проблемалық қаржы институттары түйткілдерін шешуде Еуропа Одағының «Несие мекемелері мен инвестициялық фирмалардың мәслелерін реттеу және қалпына келтіру» директивасына ұқсас бөлек саясатты бекіту қажет»,– деп атап өтті Halyk Finance сарапшылары.

Жыл басында Дүниежүзілік банк Қазақстан бойынша арнайы баяндамасы жарияланып, онда 2008-2009 жылғы қаржы дағдарысынан 2021 жылға дейін Қазақстандағы жағдайы шатқаяқтаған банктерді сауықтыру нарықтық емес шарттар және жабық әдіс-тәсілмен жүргізілгені жазылған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қаржының ысырап болып, банктердің де көмек сұрауға бой үйретуіне әкеп соқтырған.

Дүниежүзілік Банк құжатында 2009-2020 жылдар аралығында елдегі екінші деңгейдегі банктерге көрсетілген көмек ІЖӨ-нің 11,6%-ы, яғни 8,2 трлн теңгені құрағаны айтылады.

ДБ баяндамасында 2019 жылы заңнамаға банктерді сауықтырудың жаңа режиміне қатысты өзгерістер енгізілгенімен банктерді мемлекет қаржысының есебінен құтқару үрдісін тоқтата алмағаны жазылған.

Осы ретте Halyk Finance сарапшылары Дүниежүзілік банк тұжырымдарымен толық келіседі. Сондықтан заңнамаға аз-маз өзгеріс емес, түйткілді жүйелі шешетін саясат қажет деп пайымдайды.

Алайда ҚНРДА Дүниежұзілік банктің көрсетілген көмек ІЖӨ-нің 11,6%-ын құрады деген ақпаратын жоққа шығарып, «мемлекеттік қолдаудың ең жоғары көлемі ІЖӨ-нің 6%-ынан аспады» деп мәлімдеген еді.

Сонымен қатар агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова депутаттардың сауалына «мемлекет қаржы секторының тұрақтылығын сақтау үшін дағдарыс кезеңінде банктерді қолдауға мүдделі» деп жауап берген.

Қазақстанда қаржылық тұрақтылық бойынша 6 банк мемлекеттің қолдауын алып отырғаны хабарланған.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, Ұлттық банк тарапынан тәртіптелген облигация берілген болатын. Қалған үштен бір бөлігі акционерлердің қаражаты есебінен жасақталуы тиіс еді.

«Қазір бұл облигациялар мынадай банктердің балансында сақтаулы: Еуразиялық банк, Центркредит банк, Нұрбан, РБК банк, АТФ банк пен Цесна банк – олар кейін Jusan банкке қосылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау құралдары Halyk Bank-тің балансында да бар, ол Казкоммерцбанкті қосып алған кезде берілген», деді Агенттік басшысы.

 Былтыр желтоқсан айында Заңға өзгеріс енгізіліп, соған сәйкес Ресубликалық бюджет есебінен немесе Ұлттық қор қаражатынан мемлекеттік қолдау алып отырған банктерге дивидент төлеуге шектеу қойылған.