БЖЗҚ қарашада Чили, Оман, Румыния және Шардж әмірлігінің мемқарызын сатып алған жоқ
БЖЗҚ активтерін сенімгерлікпен басқаратын Ұлттық банк қарашада жалпы сомасы 323,2 млрд теңгеге Қазақстан, АҚШ, Филиппин, Венгрия және Сауд Арабиясының мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алды. Ал қазан айында БЖЗҚ жоғарыда аталған елдердің бағалы қағаздарынан бөлек, Чили, Оман, Румыния және Шардж әмірлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын 369,4 млрд теңгеге сатып алған еді. Бұл туралы БЖЗҚ активтерін инвестициялық басқару туралы ақпаратта жазылған.
БЖЗҚ зейнетақы активтері портфеліндегі сыртқы мемлекеттік қарыз құны есепті айда 245,69 млрд теңгеге азайып, 253,92 млрд теңгені құрады. Қараша айында БЖЗҚ 243,2 млрд теңгеге орташа алынған жылдық кірістілігі 5,34% шетелдік мемлекеттік бағалы қағаз сатып алған. 231,55 млрд теңгеге – АҚШ, 4,7 млрд теңгеге – Сауд Арабиясы, 4,6 млрд теңгеге – Филиппин, 2,3 млрд теңгеге Венгрияның бағалы қағазы сатып алынды. Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары 482,94 млрд теңге сомасында өтелді. Шетелдік мемлекеттік бағалы қағаздардың орташа кірістілігі 1 желтоқсанға жылдық 3,77%-ды құрады.
Айта кетейік, қазан айының соңында БЖЗҚ 228,3 млрд теңгеге АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарын, Филиппин МБҚ-сын – 19 млрд теңгеге, Чилидікін – 18,1 млрд теңгеге, Омандікін – 14,3 млрд теңгеге, Сауд Арабиясынікі – 7,2 млрд теңгеге, Румыниянікін– 4,8 млрд теңгеге, Шарджа Әмірлігінің – 3,8 млрд теңгеге, Венгриянікін 3,8 млрд теңгеге сатып алған болатын.
Қор портфеліндегі Қазақстанның мемлекеттік қарызы
БЖЗҚ зейнетақы активтері портфеліндегі негізгі үлесті ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары алып отыр: 8,24 трлн теңге немесе бүкіл портфельдің 47,55%-ы. Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің теңгедегі мемлекеттік бағалы қағаздары бойынша өтеуге орташа кірістілігі жылдық 12,4%-ды, АҚШ долларымен жылдық 3,4%-ды құрады. Қараша айында Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары 62 млрд теңге сомасында өтеліп, ал жаңалары номиналды құны 80 млрд теңгеге жылдық орташа 12,31% кірістілікпен сатып алынған. Өткен айда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары сатылмады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастырудағы белсендіктің әлсіреуі, сондай-ақ Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін одан әрі төмендетуі себебінен кірістіліктің азайғаны байқалды. Бұл ретте қарашада инфляция өсімі 1%-ға (қазанда 0,7%) немесе жылдық мәнде 10,3%-ға (қыркүйекте 10,8%) дейін үдеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары аукциондарындағы орташа сұраныс ұсыныстан 2,3 есе асып түсті», – делінген БЖЗҚ шолуында.
Жыл басынан бері Қазақстанның үкіметтік қарызына салынған инвестиция 13,47 пайызға өссе, шет мемлекеттердің мемлекеттік қарызында керісінше 68,73 пайызға азайған. Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары 1,46%-ды (2023 жылдың басында 5,5%) құрады.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін тағы қайда инвестициялайды?
2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері зейнетақы жарналары мен төлемдері шотындағы ақшаны есепке алмағанда, 17,34 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 18,64 пайызға немесе 2,7 трлн теңгеге өсті.
БЖЗҚ-ның активтері әртүрлі елдердің МБҚ-сынан бөлек, халықаралық қаржы ұйымдарының облигацияларына (2,11% немесе 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 366 млрд теңге), екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне (1,13% немесе 195,7 млрд теңге) инвестицияланған. Одан бөлек, ҚР Ұлттық Банкіндегі депозиттерге, Қазақстан Республикасы эмитенттерінің корпоративтік облигацияларына, квазимемлекеттік ұйымдар, ЕДБ облигацияларына, шетелдік эмитенттердің PPN-не (құрылымдық ноттары) салынған.
БЖЗҚ зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары теңгеде (69,29%), АҚШ долларында (30,67%) және басқа валюталарда (0,04%) көрсетілген. Есепті кезеңде зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында инвестициялық портфельді әртараптандыру үшін Қазақстан қор биржасында (KASE) $200 млн сатып алынды.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ валюта бағамының тұрақсыздығына және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты 2023 жылдың басынан бері есептелген инвестициялық кіріс сомасы 1,2 трлн теңге болған. Ұлттық Банктің басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі қарашада 8,11% құрады. Бұл ретте төрт жеке басқарушы компанияның табыстылығы 10%-дан асқан: Halyk Finance – 15,29%; Halyk Global Markets – 13,86%; BCC Invest – 11%; Jusan Invest – 10,7%. Centras Securities – 9,11% Алдыңғы екі жылда Ұлттық банк зейнетақы табыстылығы бойынша жеке компанияларды басып озған еді. 2022 жылы Ұлттық банк басқаратын активтердің кірістілігі бір жыл ішінде 6,55%-ды құрады, ресми инфляция 20,3%-ды құрады.
Жақында Ұлтты банк 2024 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарланып отырғанын хабарлады.
21 қарашада БАҚ-та 1,5 трлн теңге БЖЗҚ қаражаты инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат тарады. «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны жазылған.