Қор нарығына шолу: уран раллиі жалғасып жатыр
KASE индексі шоғырлануын жалғастырып жатыр. Нарықтағы акциялар индекстің кез келген құбылуын бейтараптандыратын көп бағытты динамикаға сүйенді. Ал Лондон қор биржасында Қазатомөнеркәсіп тағы да қарқынды өсім көрсетті. «Қазатомөнеркәсіп» бағалы қағаздары жұма күні 10,3%-ға өсті. GDR бағасы тағы да құбылып, 50 күндік жылжымалы орташа мәнді бұзды. Еске салайық, соңғы рет мұндай секіріс үлкен нәтиже әкелмеген.
Қараша айында уран бағасы 15 жылда алғаш рет 80 доллардан асқан болатын. Бірақ уран қымбаттап жатқан кезде «Қазатомөнеркәсіп» акциялары біршама арзандады.
Қазірдің өзінде уранның бір фунты 91 доллар тұрады. Morgan Stanley сарапшылары баға келесі жылдың бірінші жартысында 95 долларға дейін көтеріледі деп болжайды. Өзге де сарапшылар басқалары оның әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.
Уран бағасының қымбаттауына дүние жүзі бойынша салынып жатқан 61 реакторға керек шикізатқа сұраныстың артуы себеп. Лондонда орналасқан Ocean Wall уран зерттеу компаниясының болжамы бойынша, сұраныс биыл 180 миллион фунтқа жетеді.
Жұма күні S&P 500 индексі сәл жоғарылап жабылып, апталық өсім 0,75% құрады. Индекс сегізінші апта қатарынан өсім көрсетіп жатқанымен, сауда көлемі аздау болды. Freedom Broker сарапшыларының жазуынша, оған жаңа жылдық мерекелердің жақындауы да әсер еткен.
Негізгі PCE инфляциясы қарашада жылдық 3,2%-ға дейін баяулады. Ол өз кезегінде ФРЖ-ның мөлшерлемелерін төмендетуіне ықпал етпек. Жеке кіріс көлесі 0,4% өсіп, жеке шығындар аздап төмендеді. Ұзақ мерзімді тауарларға берілген тапсырыс шамасы 5,4% қосқан.
Еуропаның негізгі индекстері де шамалы өсім көрсетті. Қайта қаралған мәліметтерге сәйкес, Ұлыбритания экономикасы үшінші тоқсанда 0,1%-ға қысқарып, рецессия қаупін арттырды. Испания экономикасы үшінші тоқсанда 0,3% өсті.